Оман Үкіметі қазақстандықтар үшін визасыз режимді ұзартады. Бұған дейін осы елге отандастарымыз 14 күнге туристік визасыз баратын. Енді бұл мүмкіндікті 30 күнге дейін ұзарту қаралып жатыр. Бұл туралы екі елдің Сыртқы істер министрлерінің кездесуінде мәлім болды. Оман Сұлтандығына баратын қазақстандық туристер саны артып келеді. Мәселен өткен жылы бұл елге сапар шегуші отандастарымыздың саны 37%-ға өсіп, 21 мың адамға дейін жетті. Омандықтар да Қазақстанға 30 күн бойы визасыз келу мүмкіндігіне ие болады.
Айта кетейік, Оман Сұлтандығы Қазақстанмен саяси және экономикалық байланыс орнатқан алғашқы араб елдерінің қатарында. Салған инвестиция көлемі 253 миллион доллардан асты. Бұл елдің Сыртқы істер министрі Бадр бен Хамад Әл-Бусаидидің Қазақстандағы алғашқы ресми сапарының негізгі мақсаты – ынтымақтастықты нығайтып, экономикалық байланыстарды қарқынды дамыту.
Самал Қабышева
