Алматыда Әшірбек Сығайды еске алу кеші өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Әшірбек Сығайды еске алу кеші өтті

20.10.2017

Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында «Құрмет» орденінің иегері, театр сыншысы Әшірбек Сығайды еске алу кеші өтті.

Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әшірбек Төребайұлымен бірге қызмет еткен зиялы қауым өкілдері оның жарқын бейнесін сағынышпен еске алып, тағылымды естеліктер айтты. Ол қазақ театр сынында өзіндік қолтаңбасымен жаңа жол салған алып тұлға.

Әшірбек Сығай театрды ұлт үшін маңызды өнер ордасы, қоғамдық құбылыс деп бағалап, сахнаны ұлттың рухани кемелденуінің ұстаханасы деп таныды. Театр өнеріндегі сын саласының көрнекті өкілі осы бағыттың дамуына өлшеусіз үлес қосып, «Сынға сапар», «Сахна саңлақтары», «Театр тағылымы» сияқты еңбектер жазды. 

Дулат Исабеков, жазушы, драматург:

- Әшірбек театртану ғылымының, театртану әлемінің тарланы еді. Ақбозаты еді, жүйрігі еді, Құлагері еді. Енді өлгеннен кейін сарнап айтып жатыр демесін, тірі кезінде де осы сөзді айтқанбыз. Артына тау-тау еңбек қалдырды.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу