Алматыда академик Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдық мерейтойы аталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда академик Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдық мерейтойы аталды

23.10.2017

Ғалым саналы ғұмырын қазақ әдебиетінің кемелденуіне арнады. Кеште оның тәлімін алып, көзін көрген шәкірттері, ұстазы туралы тағылымды естеліктер айтты.

Ұлағатты ұстазды еске алуға арналған шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тұрсынбек Кәкішев атындағы дәрісхананың ашылуынан басталды. Зиялы қауым көрнекті ғалымның ұлтқа сіңірген еңбегін жастарға өнеге ретінде айтып берді.

Нұрлан Оразалин, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының төрағасы:

- Қазақ деген кезде ішкен асын жерге қоятын, ұлтым деген кезде ұйып қалатын. Осындай бір қасиеті бар тұлға болатын, бізге ұстаз болды. Сабақ берді, ол кезде Мағжан деген сөзді айту қауіпті болатын. Мағжанды айтқызбайтын. Бізге алғаш Мағжантанудың, Ұлттанудың, Алаштанудың бір керемет кезеңдерінің ашылуына себеп болып еді. 

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» деп өсиет қалдырған Абайдың сөзін жүрегіне түйген Тұрсынбек Кәкішев әдебиетті ілгері сүйрейтін мамандарды тәрбиелеуге баса мән берген. Бірде оған түркі жұртына белгілі ғалым Әбдуақап Қара «сіз шәкірттеріңізді қалай таңдайсыз», деп сұрақ қойыпты. Сонда ғалым:

Әбдуақап Қара, тарих ғылымдарының докторы:

- «Мен 100-ге оқыған балаларға онша көңіл бөлмеймін» деді. Себебі, өйткені 100-ге оқыған балалар жаттағыш келеді. Менің оқыған лекцияларымды жаттап алады да кейін емтиханда соларды жазып олар 100 алады. Бірақ, мен 60-70-ке оқыған тентек балаларды ұнатамын деді. Өйткені, олар өмірдің қиындықтарын көрген, өмірге бейімделген болады. Мұндай балалар тың ой айта алады, жақсы пікір айта алады деді.  

Қазір әдебиетші ғалымның тәлімін көрген шәкірттері қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, елдің рухани кемелденуіне үлес қосып келеді.

Әдеби сыншыны еске алуға арналған шаралар легі Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық академиялық драма театрында жалғасты. Жиналғандар Тұрсынбектану ілімінің енді ілгерілегенін айтып, ғалымның еңбектері ел есінен мәңгілікке өшпейтіндігін жеткізді.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу