Президент аруларды халықаралық әйелдер күнімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент аруларды халықаралық әйелдер күнімен құттықтады

07.03.2025

Мемлекеттік қызметшілердің жартысынан көбі – әйелдер. Ал білім беру, денсаулық сақтау саласындағы бұл көрсеткіш 70 пайыздан асады. Қиындыққа төзімді қыз-келіншектердің қатарында темірден түйін түйіп, жол жөндеп, кен орындарында қызмет етіп жүргендері де аз емес. Мемлекет басшысы бүгін қыз-келіншектерді көктем мерекесі-халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, сан-саланың үздіктерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Арқаның төсі, ақтүтек боранға оранғанымен, Ақордада көктемнің лебі сезіледі. Отбасымен қатар ел дамуына елеулі үлес қосқан қыз-келіншектер бүгін осында жиналды. Ұстаз, ғалым дәрігерден бастап, металлург, наубайханашы, теміржолшы, құтқарушы секілді еңбек адамдарына ерекше екпін беріліп отыр.

Мақпал Қожамсейітова, троллейбус жүргізушісі:

- Көңіл күйіңіз қалай?
- Өте керемет, мында оркестр, мында фуршет. Өзім Алматы электратранста троллейбус жүргіземін. Қиындығы да, қызығы да қатар жүреді ғой. Осы салада жүріп жатқаныма 13 жыл болды.

Зейнегүл Нұрғалиева, кен орнының лаборанты:

Осындай көктемнің шуақты күнінде Ақордада тұрғаныма өте қуаныштымын. Өзім сол кен байыту зауытында 15 жылдан бері жұмыс істеймін.

Ботагөз Сәрсенова, теміржолшы:

Көңіл күйім өте тамаша. Теміржол саласында жұмыс істеймін. 40 жыл болды.

Қуану мен қобалжу. Елдің әр түкпірнен жиналған сан саланың майталманы қауырт қызметінен бір сәт демалып, Ақордада ерекше қошеметке бөленді. Мемлекет басшысы жиналған қауымды ең әуелі, мерекемен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгін мен баршаңызды халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Бүгінде сіздер санасы сергек, ойы азат ұрпақ өсіріп, Отанымыздың өркен жаюына айрықша үлес қосып келесіздер. Қазақстанның сан түрлі салада жетістікке жетуіне қыз-келіншектеріміз мол еңбек сіңіруде. Бүгін Ақордаға шақырылған әйелдер арасында Отанымызға әр салада еңбек сіңірген білікті мамандар бар. Мен баршаңызға зор алғыс айтамын!

Мемлекеттік және қоғамдық істе, елдің саяси-әлеуметтік экономикалық дамуына және әскери қызметке еңбегі сіңген 60-қа жуық қыз-келіншекті Президент мемлекеттік наградалармен марапаттады. Ал еңбек адамдарын, ел болып дәріптеп ерекше құрмет көрсетуіміз керек деген Президент «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы», «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» сияқты айрықша марапатты алғаш рет табыстады.

Майра Ерманова, инженер-технолог:

Алғашқыларының бірі болып тұрмын. Сондықтан да сезімімді айтып жеткізу мүмкін болмай тұр. Маған көрсеткен құрмет, менің бүкіл әріптестеріме көрсеткен құрмет деп білемін. Бізге шахтерлер әкелген кен байлықтарын ұсақтап, барлық байлықтарын алып шығамыз.

Қиындыққа төзімді қыз-келіншектер қай саланы да жатсынған жоқ. Болатты балқытып, темірден түйін де түйе алады. Сондай дәнекерлеушінің бірі – Баянгүл Қамбарова. Бүгін ол 3-ші дәрежелі Еңбек Даңқы орденіне ие болды.

Баянгүл Қамбарова, дәнекерлеуші:

Мен бүгін өте шексіз қуаныштымын. Бұл салада 23 жыл еңбек етемін. Осылай еңбегімізді елеп, осындай дәрежелі атаққа ие болып жатқаныма өте қуаныштымын.

Әдетте ер азаматтар еңсеретін техника тілін Бақытгүл Саңқыбаева бала кезінен меңгере бастаған. 14 жасында училишеге түсіп, 16 жасында тәмамдаған ол 40 жыл бойы кран машинисі болып жұмыс істейді.

Бахытгүл Саңқыбаева, кран машинисі:

Бүгін өте тамаша сезімдемін. Бұған жеткенде бар. Жетпегенде көп. Осындай марапатқа менің келгенім бір түс сияқты. Жұмыс болғасын өте қиын. жауапты болу керек. Қаншама халықты кранның астында жүреді. Жұмыс болғасын қиындығы бар, жеңілдігі де бар.

Мемлекеттік наградаға ие болғандардың қатарында жұмысшы мамандарымен қатар, еңбек ардагерлері, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері мен білім және денсаулық сақтау өкілдері мен әскери қызметкерлер бар.

Сәуле Егізбаева, мұғалім:

Барша аналарды мерекесімен құттықтаймын. Әрбір саланың ,майталмандары табанды еңбектерінің арқасында үлкен қошеметке бөленіп, зор марапатқа ие болып жатқан , осныдай марапат табыстап жатқан Мемлекет басшысыны Сыр өңірінің аналарының атынан алғыс айтамын.

Анаргүл Әбуова, ҚР ТЖМ департамент бастығы:

Өте қобалжып тұрмын. Бірінші рет Мемлекет басшысының атынан осындай марапат алу үлкен мәртебе. Мен өзім, төтенше жағдайлар министрлігінде 17 жыл еңбек етіп келемін. Биыл жұмысшы жылы деп жариялап, осы салаларға басымдық бергеніне қатты қуандық.

Бағдаш Молдашева, Хромтау жоғары кәсіптік колледжінің директоры:

Президенттің қолынан үлкен марапат алып отырмын. Құрмет Орденін алып. Өте қуаныштымын. Негізі біздің колледж тау-кен саласында кадр даярлайды. Әрине ол өте қиын мамандық, қауіпті мамандық. Көбісі ер балалар. Шахтер, проходчик, фабрикант.

Аналары алаңсыз қоғамда - балалар да бақытты өмір сүреді. Бұл ретте Президент елімізде әйелдердің құқығын қорғау, оларды қолдау бағытында жүргізіліп жатқан игі істерге айрықша тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекетіміз әйелдерді барынша қорғауға жан-жақты қолдауға баса мән береді. Осы бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Менің тапсырмаммен отбасы институтын нығайтуды көздейтін маңызды шаралар қабылданды. Барлық аймақта қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсететін орталықтар ашылып жатыр. Көп балалы аналарды қолдаудың ұлттық моделі қалыптасты. Соның арқасында жыл өткен сайын көп балалы отбасылардың саны артып келеді.

Әйелдер қай саланы игерсе де қарымды, қабілетті. Билікте де, кәсіпте де жүр. Бірақ, шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы екенін ұмытқан жоқ. Бүгінде елімізде тұратын қыз-келіншектердің саны 10 млн 300 мыңнан асады.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу