Қайтарылған активтер есебінен 16 нысанның құрылысы жоспарланған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қайтарылған активтер есебінен 16 нысанның құрылысы жоспарланған

12.03.2025

Қайтарылған заңсыз активтер есебінен Астанадағы жаңа стадион салуға 17 млрд теңге бөлінді. Құрылыс жыл соңына дейін аяқталмақ. 3,6 мың орынға шақталған спорт нысаны халықаралық стандартқа сай салынады. Заманауи ғимарат аяқталған соң, қаладағы №8 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің балансына берілмек. Жаңа стадион 89 жыл бұрын салынған Қ. Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның орнына салынатынын айта кетейік.

Еркебұлан Жомарт, №8 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

Заман талабына сай, стандарттарға сай өте жоғары деңгейде салынып жатыр. Бұл стадион біздің мектептің балансына беріледі. Біз өте қуаныштымыз, асыға күтеміз. Балаларға жаттығуды жақсы жағдайда жасауға мүмкіндік туады.

Бұдан бөлек, өңірдерде 7 мектеп, 2 спорт кешені, көпсалалы аурухана, облыстық жедел жәрдем стансасы, Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, жатақхана және 2 балабақша нысаны салынады. Сондай-ақ, Қызылорда облысы Арал ауданының су жүйелері жаңартылмақ. Осының барлығына Арнаулы мемлекеттік қордан 82 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу