«Aстана балет» Брюссельде өнер көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Aстана балет» Брюссельде өнер көрсетті

13.11.2017

«Астана балет» театрының артистері талантымен Бельгия жұртын тамсантты. Театр ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Брюссельдегі «Bosar» орталығында өнер көрсетті. Талғамы биік еуропалықтардың назарына труппа классикалық, заманауи балетпен бірге, ұлттық нақыштағы «Ұлы дала мұрасы» концерттік бағдарламасын ұсынды.

«Bosar» өнер орталығында бұған дейін талай мықты өнер көрсеткен. Қазақ әртістерінің сол мықтылардан еш кем емес екенін дәлелдеу үшін «Астана балет» ұжымы ерекше, дайындалып жатыр. Қойылымның басталуына санаулы уақыт қалса да, бишілер тынығар емес. Көңілде бір үміт, бір күдік.

Диана Батырова, «Астана балет» театрының солисі:

- Бүгінгі өнер көрсететін «Фиего лентода» ең алғашқы премьерам деп айтсам болады. Кішкене қобалжудамын. Бірінші рет көрсетемін. Бірақ, бүгінгі күні байқағаным бұл балетті ерекше жақсы көремін және өте қатты билегім келеді.

Айгүл Тәти, «Aстана балет» театрының балетмейстері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Әрине, біздің ұжым үшін үлкен жауапкершілік және үлкен мәртебе. Біздің алып келген бағдарламамыз ұлттық бағдарлама. Хореографияның басқа стилі мен бағыттарында қойылған композициялар бар бағдарламада.

Қазақстанның ең жас театрының ұжымы қалай өнер көрсететінін көруге келген халықта есеп жоқ. Билеттер сатылымға түскен күні-ақ өтіп кеткен. Кірпияз еуропалық көрерменді «Клеопатра» туындысы ә дегеннен-ақ таң-тамаша етті. Мысыр патшайымының сіңлісі Арсиноямен таққа таласын суреттейтін қойылым көпшілікті Ежелгі Египетке еріксіз саяхаттатты. 

«Махаббат, үрей, айырылу». Бұл - әйгілі Эдит пиафтың өмірі, әндері мен музыкасына негізделген балет. Әншінің тағдырын, бастан кешкен қиындықтарын, ғашығына деген іңкәр сезімін қазақ әртістері ғажап пластика арқылы көрерменге жеткізуге барын салуда.

Үні тұнық, мінезі тік Эдит Пиафтың өмірі шытырман оқиғаға толы. Соны дәл сомдай білген қазақ бишілеріне көрерменнің алғысы шексіз.

Алан Дестекс, Бельгия федералды парламентінің сенаторы:

- Бұл нағыз фантастика. Жастардың өнерге деген құлшынысы, кәсіби шеберлігі таңдай қақтырмай қоймайды. Клеопатраның жаңа нұсқасын көріп, ғажап дей бергенімде, Эдит Пиаф жарқ ете қалды. Эдит Пиаф орындайтын «Мені тастап кетпеші» әні біздің жерлесіміз Жак Брельдікі ғой. Сондықтан, кештің алғашқы бөлімінен алған әсерім керемет.

Түрлі-түсті костюмдерден көз ала алмай, сұлулыққа сүйсінген көрерменнің жан дүниесін екінші бөлімдегі «Ұлы дала мұрасы» бағдарламасы дүр сілкіндірді. Бұл ұлттық бояуы қанық қойылым. «Ақ қыз», «Арулар шеруі», «Қуанамын» сынды бірнеше хореографиялық миниатюралардан көпшілік қазақ қызының болмыс, салт-дәстүріне қанықты. Динаның «Әсемқоңыры» мен Құрманғазының «Балбырауыны» көпшіліктің делебесін қоздырды.

Агрон Купештэ, Брюссель қаласының тұрғыны:

- Қазақ балетін, «Астана балетті» бірінші рет көріп тұрмын.  Ұлттық және қазіргі заманғы бидің қосындысынан туған керемет қойылым болды. Осы би, балет арқылы қазақтың бай мәдениетімен таныстым. Тіпті, қазақтың байтақ даласын көз алдыма елестеттім. Тамаша.

Екі сағатқа созылған балет аяқталса да, Бельгия халқы қазақстандық өнерпаздармен қоштасқылары келмей біраз кідірді. Жастардың талантына тәнті болғандары сонша, труппадан елдеріне тағы да келулерін өтінді. Бельгия жұртының жүрегін жаулаған «Астана балет» ұжымының гастрольдік сапары енді Санкт-Петербургта жалғасады.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу