Қазақстанда ядролық энергетика агенттігі құрылады. Бұл туралы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы айтты. Президент жаһан елдері арасында маңызды ресурстар үшін талас-тартыс күшейіп, өндіріс және сауда-логистика байланыстары қайта құрылып жатқанын да атап өтті.
Айя Мүтәлі, nілші:
Қайта жаңғырған Ұлттық құрылтайдың бұл – төртінші отырысы. Алғашқы басқосу – ұлт ұясы Ұлытауда, екінші жиын – түркі жұртының қарашаңырағы Түркістанда, өткен жылы шежірелі Атырауда өтті. Құрылтай мүшелерінің биыл Бурабайға шақырылуы да тегін емес. Абылай хан бұл өңірде талай мәрте орда тігіп, тарихи шешімдер қабылдады. Бүгін де Бурабай елдік мүдде қаузалатын алаң болып отыр.
Күн тәртібіндегі мәселе ауқымы кең. Президент ең алдымен жиналғандарды ежелден келе жатқан ата дәстүріміз - әз-Наурыздың бастауы Көрісу күнімен құттықтады. Әрі келелі кеңес Ораза айында өтіп жатыр. Осы ретте Мемлекет басшысы құрылтайдың ұлық мерекемен қатар өтіп жатқанын жақсылықтың нышанына балап, ел арасында ұлттық киімге мән беріле бастағанын айрықша атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек.
Қоғам белсенділерін алаңдатып отырған түйіткіл аз емес. Елде қайырымдылық қорының атын жамылып, халықтан ақша жинап, өз пайдасына жұмсайтын алаяқтар көбейді. Әлеуметтік желідегі айлакерлер де тыйылмай тұр. Жалған психологтар мен «коучтар» да қаптаған. Президент осындай шағымның жиі түсетінін айтып, мемлекет мұны бақылауға алу қажеттігін атап өтті. Ендігі мәселе отандық фильмдердің сапасыздығы. Алайда, ұлттық нақыштағы тарихи фильмдердің де бар екенін атап өтті. Соның бірі «Шоқан. Қашқария сапары» туралы анимациялық фильм.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды деп айтуға болады. Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дамыту мәселесін қолға алу керек.
Президент театр мәселесін де қаузады. Бүгінде 46 аймақтық мәдени нысан жұмыс істеп тұр. Алайда оның дені ескірген. Осы ретте Мемлекет басшысы Семейде бір ғимаратта сығылысып отырған үш театрды мысал етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Халқымыздың мәдени әралуандығын сақтауға мүмкіндік беретін орыс және басқа да ұлттық театрларды қолдау маңызды. Елімізде өнердің бұл түрі де табыс әкелетінін дәлелдеп жүрген жеке театрлар аз емес. Сондықтан бизнес өкілдерін аймақтағы театрларға белсене қолдау көрсетуге шақырамын.
Көші-қон мәселесі де өзекті. Болашақта солтүстіктегі ағайынның саны едәуір азайып, оңтүстіктік тұрғындары әлдеқайда көбеюі мүмкін. Президент бұл мәселені шешуді Үкіметке тапсырды. Сондай-ақ қазір халықтың мұң-мұқтажы мен заман талабына сай сан салада ауқымды реформа жүріп жатыр. Ендігі мемлекеттік аппараттың жұмысын жүйелеу міндеті тұр. Кейбір кешенді жоспарларды қайта жандандыру қажет6 деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес туралы кешенді жоспардың мерзімі биыл бітеді. Бұл құжат 2023 жылы әзірленген. Мұндай жоспар елімізге қажет екені анық. Өйткені осы қауіпті кеселге қарсы күрес – өте маңызды мәселенің бірі. Жаңа құжатты дайындауға қазірден бастап кірісу керек.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары әлі күнге реттелмеген. Президент оны жолға қою үшін «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдауды жөн көрді. Ал мектептерге енгізіліп жатқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының атауын қоғам белсенділері «Адал азамат» деп өзгертуді ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы қолдап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды.
Енді мемлекеттік наградалар орынсыз таратылмайды. Президент ведомствааралық төсбелгіге нағыз білікті маман ғана лайық екенін, бұл кәсіби мәртебенің белгісі екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұған бей-жай қарауға болмайды. Сондықтан мекемелік марапаттардың бірыңғай стандартын және тізімін жасау қажет. Әрине, әр мекеменің өз ерекшелігін ескерген жөн. Бірақ бәріне ортақ ұстаным болуы керек. Құзырлы органдарға осы шаруаны қолға алуды тапсырамын.
Мемлекет басшысы көше мен елдімекен атауларында жиі қате жіберілетінін, бұл ретте жерлестік пен тамыр-таныстыққа жиі жол берілген тағы бір мәрте айтты. Сондай-ақ бұдан былай жер су мен ел ішінде кең етек жайған дәстүрлі атауларды пайдалануға мән беру керек. Жекеменшік нысандарға атау бергенде де жүгенсіздік болмауы керек, деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тәуелсіз Қазақстанда жоғары қызмет атқарған азаматтардың өзі кеңес дәуірінің қайраткерлерін, соның ішінде ашаршылықты ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды әсіре мадақтаумен айналысып жүр. Бұл – өкінішті әрі түсініксіз нәрсе. Жалпы6 бұл жұмысты ретке келтіру керек.
Ал тарихшылар мен зияткерлер төл тарихымызға жаһандық өркениет тұрғысында қараса екен дейді Президент. Ұлтқа жара салған оқиғалардың негізінде бүгінде тарихқа деген көзқарас ауқымы тар. Осылай Мемлекет басшысы ғалымдарды кең әрі терең ойлануға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Аз зерттелген немесе мүлде зерттелмеген тақырыптарды ғана зерделеу жеткіліксіз. Біз Қазақстанды әлем өркениетінің дербес бөлігі ретінде танытуымыз керек. Қазақ халқының әмбебап әрі бірегей өмірлік тәжірибесін толық ашып көрсету маңызды. Бұл қазіргі Қазақстанның миссиясын терең түсінуге септігін тигізеді.
Құрылтайда экономика да тыс қалмады. Биыл бұл бағытта бөлінетін қаржы көлемін екі есе көбейтіп, 8 триллион теңгеге жеткізбек. Ал алдағы жылдары Үкімет оны 10 триллионға ұлғайтуы тиіс. Әсіресе бизнесті қолдауға басымдық беріледі. Бірқатар инфрақұрылым салынады. Зауыт фабрикалар ашылады. Қорғаста жаңа әуежай бой көтереді. Транзиттік жол жанданады. Сондай-ақ алдағы төрт жылда жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылып отырады, деді Мемлекет басшысы. Әрі жаңадан құрылған үш өңірдің әл ауқатын ұдайы бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды. Шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды қолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әдетте шекара маңындағы аудандар арқылы маңызды көлік-логистика дәліздері өтеді. Биыл автокөліктерге арналған 9 кеден бекетін жаңғырту жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде мұндай бекеттердің өткізу мүмкіндігі 6 есе артады. Бұл жоба еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтуға едәуір үлес қосады.
Президент су басу қаупі бар елдімекендердің мәселесін ортаға салды. Былтырғы тасқыннан жергілікті билік сабақ алғананына деп сенім білдірді. Алайда жазда өрт қаупі бар екенін еске салып, атқарушы органдарды үнемі қырағы болуға шақырды. Құрылтайда туризмді дамыту, жан-жануарларды қорғау тақырыптары сөз болды. Президент соның ішінде киіктердің мәселесін көтерді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бірақ енді басқа мәселе туындады. Ауыл шаруашылығы зардап шегіп жатыр. Эпизоотиялық ахуалдың да күрделеніп кету қаупі бар. Жалпы, экожүйеге түсетін салмақ артты. Үкіметке білікті мамандарды жұмылдыра отырып, осы мәселені жан-жақты зерделеуді және байыпты шешім қабылдауды тапсырамын.
Мемлекет басшысы жыл соңына дейін ерекше балаларға жан-жақты қолдау көрсететін заң әзірлеуді тапсырды. Әр облыста аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Демеушілердің және «Қазақстан халқына» қорының көмегімен осы маңызды жұмыста белгілі бір ілгерілеу бар. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаны жандандыруы қажет. Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан жыл соңына дейін осындай балаларға жан-жақты қолдау көрсету ісін реттейтін жаңа заң әзірлеу керек.
Айя Мүтәлі, тілші:
Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл. Осы ретте Президент құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласынды өткізуді ұсынды.
Айя Мүтәлі
