Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің бірі – қазақ киносы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің бірі – қазақ киносы

14.03.2025

«Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа». Бүгін Президент Ұлттық құрылтайда көтерген мәселелердің бірі – кино тақырыбында өрбіді. Себебі қазір коммерциялық бағытта шығып жатқан фильмдерде былапыт сөз, шұбарланған тіл басым, тәрбие және ең бастысы – ұлттық рух жоқтың қасы.

Киноның да туған елі, ұлты болады. Қазақтың, кәрістің, түріктің киносы дегендей. Әр елдің киносынан сол ұлттың астыртын саясатын, ым-ишарасын, мәдениет һәм месседжерін көреміз, тамшылатып болса да, санаға сіңіреміз. Біздегі киноиндустрияның иірімі икемге келмей барады. Әсіресе коммерциялық комедия жанрында күлдіру емес, бүлдіру басым. Мұны бүгін Президент те аңғартты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа.

Рас, Кеңестік кезеңнің өзінде түсірілген «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Бандыны қуған Хамит» секілді фильмдер белгілі бір деңгейде сол замандағы идеологияға қызмет етсе де, ұлтты, тілді төмендеткен емес. Қазір нарықтың ноқтасын киген индустрияда табыстың табы ғана бар.

Есболат Нұрахмет жазушы, сценарист:

Кеңес кезіндегі фильмдер кеңестік идеологияға жұмыс істеді. Бірақ сөйте тұра, ол жерде кейіпкер мығым болды. Мысалы, «Атаманның ақырын» қарап көріңіз, Қасымханның айтатын сөздері қандай! Бұл жерде қалай дегенде де, кеңестік идеология болғанымен, ол жерде ұлтты төмендетпейді. Бізде қазіргі фильмдерде қалыптасып қалған стеоротиптер бар. Біреуі - қазақ надан, қазақ жалқау, қазақ жігерсіз, қайратсыз деген дүниелер.

Мемлекет есебінен жарыққа шығып жатқан туындыларда ғана ұлттық болмыс пен бояу қанық. Бірақ олар үлкен экрандағы бәсекеде бәсең. Жарнамасы жер жарып, миллиондаған, миллиардтаған табыс жинап жатқан киноның дені - комедия. Сәні артса да, мәні кем. Тіпті қазақ аудиториясының мүддесіне сай келе бермейді. Сондықтан тырқылдаған теріс тенденцияға тыйым керек.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Өткенде Президентіміз айтты, өз елімізді мазаққа айналдыру немесе тілді шұбарлап сөйлеу немесе әртүрлі лас сөздер айту, мұның барлығы этикаға жат, сондықтан біз тек рейтинг қуаламай, фильмнің көркемдік жағына, ұлттық сипатына мән беруіміз керек деп ойлаймын.

Жоғарыда айтқанымыздай, киноиндустрия – өнер ғана емес, бұл – бизнес. Сондықтан әуелгі мақсат – табыс табу. Белгілі режиссер Әнуар Матжанов бүгінгі фильмдердің саны артып жатыр, бірте-бірте сапа да реттеледі, дейді.

Әнуар Матжанов, режиссер:

Комедия жанрының мақсаты - халықты күлдіру. Мен оны алалау деп ойламаймын, себебі бұл - өмір емес, кино. Абылай кинода осылай болды, неге олай істеп жатырсыңдар деп, маған да көп жазады. Бірақ біздің мақсат - киноның айтарын халыққа жеткізу.

Президент зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдерді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн екенін айтты. Сонда ғана туындының тәрбиелік мәні болмақ. Ең бастысы - кез келген кинода қазақ мазақ болмай, ұлттық рух биік болса игі. Сын сойылына көп түсіп жатқан жанр – комедия болғандықтан, сатирик Сейіт Кенжахметовтың сөлді сөзі еске түседі. «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкіге қалу – өлім».

Азамат Бейбітұлы 

Хабарламаларға жазылу