Қазақстанда Президент жанындағы ядролық энергетика агенттігі құрылады. Бұл туралы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы айтты.
Сонымен қатар, ел экономикасының қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастыру маңызды екенін атап өтті. Тіпті бір емес, 3 атом электр стансациясын салып, ядролық кластер қалыптастыру қажет, деді Президент. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарын реттеу үшін «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдауды жөн көрді. Ал мектептерге енгізіліп жатқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының атауын қоғам белсенділері «Адал азамат» деп өзгертуді ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы қолдап отыр. Құрылтайда экономика саласы да сөз болды. Биыл бұл бағытта бөлінетін қаржы көлемін екі есе көбейтіп, 8 триллион теңгеге жеткізбек. Әсіресе бизнесті қолдауға басымдық беріледі. Бірқатар инфрақұрылым салынады. Зауыт фабрикалар ашылады. Қорғаста жаңа әуежай бой көтереді. Транзиттік жол жанданады. Сондай-ақ алдағы төрт жылда жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылып отырады, деді Мемлекет басшысы. Әрі жаңадан құрылған үш өңірдің әл-ауқатын ұдайы бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды. Шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды қолдады. Ұлттық құрылтайдағы өзге де көтерілген мәселелер туралы қазір бейнематериал эфирге дайындалып жатыр.
