Қарағандыда шешендік өнер байқауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда шешендік өнер байқауы өтті

20.11.2017

«Даналар сөзі - ақылдың көзі». Осындай атаумен Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған республикалық шешендік өнер байқауы өтті. Қарағанды облыстық әкімдігінің қолдауымен Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған шараның мақсаты - мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін арттыру, шешендік өнерді насихаттау. Байқауға елдің түкпір-түкпірінен 16 мен 35 жас аралығындағы 16 сөз шебері қатысты. Әр өңірдің үкілеген үміттері бұған дейін өз облысында өткен іріктеу кезеңінде топ жарған. Қатысушылар «Сәлем - сөздің атасы», «Даналар сөзі - ақылдың көзі», «Шешендік - шеберлік» сынды үш кезең бойынша өз өнерін ортаға салды. Ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінен құралған қазылар алқасы қатысушылардың шешендік шеберлігін, тіл тазалығын, дауыс мәнері мен орамды ойын ескере отырып, өз бағаларын берді.

Серік Негимов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы:

- Қазіргі шешендік өнерге құштар, іңкәр, қазақтың тілін сүйетін жас таланттарымыз қаншалықты дәрежеде шешендік өнерді меңгерді, қаншалықты дәрежеде Қазыбек бидің өнернамасын үйренді? Осы тұрғыдан келгенде бүгінгі байқаудың мәні ерекше.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу