Бокстан Әлем чемпионатының жеңімпаздары елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бокстан Әлем чемпионатының жеңімпаздары елге оралды

18.03.2025

Бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары елге оралды. Сербияның Ниш қаласында қыздар арасында өткен былғары қолғап бәсекесінде ел мерейін асқақтатып, тарихи жетістікке жеткен спортшыларымыздың бір парасы бүгін таңертең Алматыға келді. Оларды жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алды.

Әлем чемпионатында атой салып, шаршы алаңда шын шеберлігін көрсеткен қазақтың қайсар қыздары мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Әсіресе, тарихты жаңғыртып, үш дүркін әлем чемпионы атанған Назым Қызайбайдың еңбегі орасан. Бұған дейін 2014, 2016 жылы дүниежүзілік додада топжарған қыз, биыл тағы жеңіс тұғырынан көрінді.

Назым Қызайбай, бокстан үш дүркін әлем чемпионы:

Жақсы, өте қуаныштымын. Менің мақсатым болған, арманым болған. Сол арманыма жеттім. Жарыс оңай болмайды. Бұл жерде ең қиыны жаттығулар, дайындаламыз. Әлемдік додада оңай қарсылас жоқ.

Көк туды биікте желбіретіп, әнұранымызды әлемге тыңдатқан тағы бір бұрымды – Алуа Балқыбекова. Әлем біріншілігінің қоласын да, күмісін де қанжығаға байлаған бойжеткен, бұл жолы жанкүйерлерін алтынмен қуантты.

Алуа Балқыбекова, бокстан әлем чемпионы:

Алтынға жол оңай болған жоқ негізі шыны керек. Қаншама жыл, қаншама еңбек. Жанкүейерлерге де үлкен рахмет айтқым келіп отыр. Әрдайым қолдап, жігер беріп отырған.  Бұл жарыстардың барлығы біздің Лос-Анджелеске 2028- ге дайындық.

Дәурия Балқыбекованың әпкесі:

Оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Шыны керек, Құдайға шүкір осындай сіңілім бар.

Ақтық сынға дейін жеткен Виктория Графеева мен Елдан Талиповаға да елдің ілтипаты ерекше. Жаһандық жарыста жасындай жарқылдаған жерлестеріміздің жеңісіне ортақтасқан жұртшылық спортшыларды құттықтап, ізгі тілектерін жолдап жатыр. Бапкерлер де қыздардың табандылығына риза.

Долкунжан Камеков, әйелдер боксынан Алматы қаласының аға жаттықтырушысы:

Дайындық жақсы болды, біздің мына медицина, массажистер, құрама командадағы жалпы жаттықтырушылар келді. Жалпы өзгеріс бар. Енді 2028 жылы Қазақстан алтын медаль аламыз деген үміттеміз.

Айта кетейік, Сербиядағы байрақты бәсекеге 51 мемлекет қатысты. Қазақстан құрамасы 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль еншілеп, жалпы есепте екінші орынға тұрақтады.

Ернұр Медет


Хабарламаларға жазылу