Жарысқа әр өңірдің 16 мықтысы қатысып, 7-і жартылай финалға жолдама алды. Байқауда қатысушылардың көркем мәтінді оқу шеберлігімен қатар, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, көркем мәтінді таңдау талғамы мен сахнада өзін-өзі ұстауына баса мән берілді. Өңірде осымен екінші мәрте ұйымдастырылған шарада Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы бас жүлдеге лайықты деп танылды.
Аманхан Әлімұлы, ақын, қазылар алқасының мүшесі, Алаш сыйлығының иегері:
- Үлкен ақындарды түсіну ауырлау. Әсіресе, Жұмекендей ақынды. Пушкин ескерткішінің басында Достоевский мен Тургенев сөз сөйлеген. Сонда Достоевский «Пушкин өзімен бірге жұмбақты алып кетті. Біз соны шешумен әуреміз», дейді. Сол сияқты Жұмекен де өзімен бірге поэзияның құпияларын алып кеткен. Біз соны шешумен әлекпіз. Мына конкурс та сол Жұмекен өлеңдерінің жұмбағын шешу.