«Алтын қордағы» ұлттық ән-күйлер мен жыр-термелер 100-ден астам әлемдік музыкалық платформаға жүктелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алтын қордағы» ұлттық ән-күйлер мен жыр-термелер 100-ден астам әлемдік музыкалық платформаға жүктелді

19.03.2025
«Алтын қордағы» ұлттық ән-күйлер мен жыр-термелер 100-ден астам әлемдік музыкалық платформаға жүктелді

Бүгін елордада «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы жарыққа шығарған қазақ халқының ұлттық ән-күйі мен фольклорлық мұрасы топтастырылған 6 бөлімді «Асыл мұра» аудиожинағының таныстырылымы және жинаққа енген 1500 аудиошығарманың әлемдік музыкалық платформаларда жариялануына арналған салтанатты шара өтті.

Жинаққа «Алтын қорда» сақталған 400 күй, 300 жыр-терме, 400 халық және халық композиторларының әндері, 100 ертегі, 50 бесік жыры, 250 ретро ән енгізілді. Аудиожинақтың ерекшелігі – мұндағы 1500 шығарманың көбі аутентикалық формада, яғни, алғашқы орындаушылары жеткізген түпнұсқа күйінде берілген.

Жинақтағы аудиошығармалар Apple Music, Spotify, Yandex Music, YouTube Music сияқты 100-ден астам әлемдік жетекші музыкалық платформаларға және «Қазақстан» телерадиокорпорациясының altynqor.com сайтына жүктелді.

«Асыл мұра» жинағы әлемдік стримингтік платформаларға бір мезетте жүктелген аудиофайлдар көлемі бойынша отандық музыка тарихындағы ең ірі жоба. Бұл бастама «Ozen» музыкалық лейблімен бірлесе жүзеге асырылды.


Жиында жоба жетекшісі – ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин «Асыл мұра» аудиожинағының жарыққа шығуы мен халық музыкалық мұрасының әлемдік платформаларда қолжетімді болуы ұлттық мәдениетке жаңаша серпін беретінін жеткізді.

 «Ғасырлар бойы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Алтын қорында» ғана сақталып келген 1500 түпнұсқа, ең көне шығармалардың әлемдік музыкалық платформаларда жариялануы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың соңғы Құрылтайда айтқан Ұлттық цифрлық мұрағат құру бастамасының жүзеге асуына да зор ықпал етпек. Бұл дегеніміз – халқымыздың күй өнерін, сөз өнерінің озығы саналатын – жыр-термелерді, халық және халық композиторларының үздік туындыларын, ежелгі мұрамыз – ертегі мен бесік жырын және ескі заманның әуендері - ретро әндерді миллиондаған тыңдаушы қолындағы құрылғы арқылы кез келген уақытта тыңдай алады деген сөз. Бұл – ұлттық өнерімізді жаһандық мәдени кеңістіктің төріне шығаруға бағытталған тағы бір үлкен қадам», - деді Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.

Жинақтағы «Күйлер» бөліміндегі шығармаларды орындаушылар қатарында Тәттімбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Мәмен сынды халық күйшілерінің көзін көрген немесе сол көзкөргендердің қолынан тікелей күй үйренген күйші-домбырашылар Лұқпан Мұхитов, Әбікен Хасенов, Қали Жантілеуов, Дәулет Мықтыбаев, Жаппас Қаламбаев, Ғылман Әлжанов, Фазыл Сұлтанов, Ғылман Қайрошев бар. Жинаққа Құрманғазының күйлерін өз қолынан үйренген күй анасы Дина Нұрпейісованың авторлығы және өзінің орындауында өткен ғасырдың 50-ші жылдары таспаланған 12 күй еніп отыр. Сонымен қатар Қазанғаптың көзін көріп, тікелей күй алған күйші Қадырәлі Ержановтың орындауында бұған дейін ешбір жинаққа енбеген бірнеше күй енгізілді.

XIX-XX ғасырларда өмір сүрген Біржан Сал, Жаяу Мұса, Мұхит, Ақан сері, Балуан Шолақ, Әсет, Естай, Мәди Бәпиұлы, Кенен Әзірбаев, Майра Уәлиқызы сынды халық композиторларының шығармалары Қосымжан Бабақов, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменовтердің орындауында берілді.

 «Жыр-термелер» бөлімінде халық жыр-термелерімен қоса, Ер Тарғын, Асан Қайғы, Махамбет Өтемісұлы, Сүйінбай Аронұлы, Майлықожа, Базар жырау, Жамбыл Жабаев, Жиенбай жырау, Балуан Шолақ, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Кенен Әзірбаев, Иса Байзақов сынды 100-ден аса автордың шығармалары қамтылған.


«Асыл мұраға» кіретін шығармаларды іріктеу жұмыстарын осыдан 1,5 жыл бұрын бастадық. Бұл жұмысқа 50-ден астам маман атсалысты. Жинақтағы ең көне туынды осыдан бір ғасыр бұрын Әміре Қашаубаевтың орындауында жазылып алынған «Балқадиша» әні. «Алтын қорымызда» бұл шығарманың 24 әнші орындаған нұсқасы сақталған екен. Оның ең көне түпнұсқасы жинаққа кіріп қана қоймай, миллиондаған тыңдарманға интернет арқылы қолжетімді болады», - деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.



Жинақ еліміздегі ұлттық кітапханалар қорына, Өнер университеттерінің кітапханаларына беріледі және әуесқой тыңдармандар үшін сатылымға шығарылады.

Шығармаларды QR-код арқылы тыңдау үшін сілтемелер:

1. Күйлер: https://altynqor.band.link/kuiler

2. «Жыр-термелер: https://altynqor.band.link/zhyrtermeler

3. Халық және халық композиторларының әндері: https://altynqor.band.link/halykanderi

4. Ертегілер: https://altynqor.band.link/ertegiler

5. Бесік жыры: https://altynqor.band.link/besikzhyry

6. Ретро әндер: https://altynqor.band.link/retroander



Хабарламаларға жазылу