Қазақ руханияты тағы бір құнды еңбекпен толықты. Алматыда «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты этнографиялық төрт томдық кітаптың тұсаукесері өтті. Сыр-сұхбатқа негізделген жинақтың авторы - ақын, еліміздің Еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов. Көлемді еңбек халық этнографиясының көрнекті өкілі Жағда Бабалықұлының 100 жылдығына арналған.
Төрт томдық еңбек ақын Қасымхан Бегмановтың 10 жылдан астам уақыт жұмсап, зерттеген энциклопедиялық жинағы. Тұсаукесерге қатысқан этнограф-ғалымдар мен тарихшылар: «Бұл кітап ұлтымыздың қастерлі құндылықтарынан сыр шертетін бірегей кітап», - деді. Себебі, жаһандану заманында ұлттың сақталуы әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің барынша дәріптелуінде жатыр.
Әбдеш Төлеубаев, тарих ғылымдарының докторы:
- Рухани жаңғыру бағытында жасалып жатқан істердің ерекше көрнектісінің бірі осы еңбек бола ма деп ойлаймын. 4 томдық еңбек бұл қазақтың сонау салт-дәстүрлерін, бүкіл рухани болмысын сипаттаған дүние.
Жинақта қазақ этнографиясы, халқымыздың мұсылмандыққа дейінгі және одан кейінгі салт-дәстүрлеріне қатысты 1000-ға жуық сұраққа ғылыми тұрғыда жауап берілген. 100-ден астам ғылым, дін, мәдениет пен өнер қайраткерінің қазақ салт-санасы мен тарихына байланысты сұқбаттары еніпті. Қазақтың ырым-тыйым, әдет-ғұрыптарының күнделікті өмірімізге ену тарихы мен мән-маңызы туралы талдаулар жасалған.
Қасымхан Бегманов, кітаптың авторы:
- Бұл төрт томдыққа кірмеген мәселе жоқ. Мен бүкіл Қазақстанды айналып өттім. Онда халық этнографиясының өкілдерімен, қолөнершілермен, бүркітшілермен, құсбегілермен кездестім.
Жинақтың әрқайсысы кемі 500 беттен тұрады. 1000 данамен жарық көрген құнды еңбек кітапханалар мен оқу орындарына тегін таратылады.
Амангелді СЕЙІТХАН