Оралда киізден киім-кешек пен қолөнер бұйымдарын жасайтын шебер тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда киізден киім-кешек пен қолөнер бұйымдарын жасайтын шебер тұрады

26.03.2025

Оралда киізден баскиім, шапан, шәркей, өзге де киім-кешек пен қолөнер бұйымдарын жасайтын шебер тұрады. Ұлттық киімді өзі насихаттап қана қоймай, өзгелерге де киіз басу технологиясын түсіндіріп, шеберлік сабағын өткізіп жүр. Ісмердің ұлттық нақыштағы өнімдері жоғары сұранысқа ие.
Айнагүл Халыққызы киізден ер адам тақиясын басып жатыр. Бұған бір сағаттай уақыт кетеді. Әр бұйымға салатын өз оюы болады дейді шебер. Мәселен, қошқар мүйізді кез келген жерге жапсыра беруге болмайды. Бас киімге негізінен ғарыш, аспан әлемімен байланысты ою-өрнекті басады. Әр оюдың өз орны мен мәні бар.

Айнагүл Халыққызы, шебер:
Мынадай етіп төрт бөлікке бөлдім. Бұл енді төрт құбылаң тең болсын деген мағына береді. Шексіздік өрнегі бұл. Қазақтың оюларының бәрі де симметриялы ғой. Сондықтан бұл өлім мен өмірдің қатар жүретінін білдіреді. Адам оны да ұмытпауы керек. Қошқар мүйіз оюы баскиімге салынбайды. Ол көбіне төсенішке және аяқкиімге салынады.
Ісмер киіз басып отырғанда, келушілер шебердің бұйымдарын қызықтап кетті. Шынымен де, киізден жасалған ұлттық нақыштағы шапан, тақия, шәркей, сөмке, кеудеше, төсеніш, өзге де бұйымдар көздің жауын алады. Әрі дара, кері қайталанбайтын дүниелер. Шебер 12 жылдан бері қолөнердің осы түрімен айналысып келеді. Халыққызының халықтың қолөнерін дамыту жайлы көңілге тоқығаны, өз ұсыныс-пікірі бар.

Айнагүл Халыққызы, шебер:
Қой жүнінен қалай жасалады, оны неге кию керек деген бағытта келген адамдарға түсіндіріп жіберуге тырысамыз. Бірақ барлық халыққа біздің үніміз жетпейді. Сол себепті үкімет тарапынан сол жағынан қолдау болса. Мына ер адам тақияларын қылшықты жүннен басамыз. Кеудешелерді де, шәркейлерді де солай жасаймыз. Ол үнемі адамның терісін тітіркендіріп тұрады, соның арқасында қан қысымы төмендеп, қан айналымы жақсарады.
Түсірілім аяқталғанша, тақия да дайын болды. Баскиімнің ою-өрнегі иректеліп, түсі қанық болып, әдемі шықты. «Айкербез» атты өнер орталығында бас біріктірген ісмерлер тобы шеберлік сабағын да жиі өткізеді. Білгендерін «көріп-білсем» деген жұртқа үйретеді. Осылайша он саусағынан өнер тамған шеберлер ұлттық киімді дәріптеу арқылы қазақтың қолөнерін насихаттап жүр.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу