Лондонда қазақ студенттерге еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Лондонда қазақ студенттерге еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылды

27.03.2025

Тұманды Альбионда білім алып жатқан қазақстандық студенттер үшін отандық компаниялар еңбек жәрмеңкесін ұйымдастырды. Шара мақсаты – білімді жастарды шетелде қалып қоймай, ел игілігі үшін еңбек етуге үгіттеу.

Асқан Тұрысбеков – «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты. Халықаралық арбитраж мамандығы бойынша Лондонда магистратурада білім алып жатыр. Оқуын аяқтаған соң елге оралып, еңбек еткісі келеді. Бірақ алдымен дауларды шешу процесімен айналысатын жергілікті компанияда тағылымдамадан өткісі бар.

Асқан Тұрысбеков, студент:

Осы жерге келудің мақсаты – тәжірибе жинақтау және тағылымдама өту. Осы жергілікті компанияларда және сол білімді әрі қарай Қазақстанда қолдану.

Егер «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары оқуын аяқтаған соң келісімшартқа сәйкес елде еңбек етуі міндеттелсе, өз есебінен білім алып жатқан жастарға жергілікті үкімет Ұлыбританияда 2 жыл жұмыс істеуге рұқсат етеді. Солай бола тұра Қазақстан экономикасының бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттырғысы келетін түлектер көп. Оның үстіне шетелдік компаниялардың өкілдіктері елімізде көптеп ашылған.

Әлия Аралбаева, заң фирмасының өкілі:

Біздің фирмамыздың Орталық Азияның бірқатар елінде және одан тысқары мемлекеттерде өкілдігі бар. Менің бүгінгі міндетім – мықты мамандар тауып, олардың Қазақстанға оралуына жағдай жасау.

Еңбек жәрмеңкесінің өтуіне Британ-Қазақ қауымдастығы ұйытқы болды. Ол ірі отандық және шетелдік 16 компанияның жүзге жуық қазақстандық студентпен байланыс орнатуына ықпал етті.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу