Павлодар облысының кәсіпкерлерін қолдауға 12,5 млрд теңге бағытталады. Бұл жөнінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің осы өңірдің бизнес-қоғамдастығы өкілдерімен кездесуінде мәлім болды.
Олжас Бектенов Үкімет отандық тауар өндірушілерді жан-жақты қолдау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Мемлекеттік сатып алу саласында жұмыс біршама жеңілдеді. Көрсетілетін қызметтердің тізбесі кеңейтілді. Сатып алу рәсімдері оңтайландырылып, ұзақмерзімді шарттар жасау тетігі енгізілді. Отырыста металлургия, ауыл шаруашылығы, сауда, қызмет көрсету және басқа да салаларда қызмет ететін кәсіпкерлер өзара іс-қимылды жақсарту бойынша идеялары мен ұсыныстарын бөлісті.
Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министр Павлодар облысының әкімдігіне, Ұлттық экономика министрлігіне және басқа да мемлекеттік органдарға «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп айтылған ұсыныстарды пысықтауды тапсырды.
Самал Қабышева
