Былтыр еліміздегі қонақ үйлерге тоқтаған туристер саны 6 млн адамға жетті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 600 мыңға көп. Ал жалпы әртүрлі мақсатпен елге келген шетелдік қонақтар қатары 15 миллионнан асады.
Нәтижесінде қонақ үйлер мен демалыс базаларының табысы 224 млрд теңгеге жеткен. Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі де 20%-ға артты. Сұраныс бар. Биыл еліміздің 3 өңірінде халықаралық қонақ үй желілері ашылмақ. Осы мақсатта Астанада өткен инвестициялық форумда 3 жақты меморандумға қол қойылды.
Нұртас Кәріпбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігінің комитет төрағасы:
Бурабай, Ақтау және Алматы қалаларында осындай қонақ үйлерді ашуды жоспарлап отырмыз. Мұндай халықаралық дәрежедегі қонақ үйлер келетін болса, бұл экономикаға көмек болады, жұмыс орындары пайда болады. Бюджетке қосымша салық төленеді, шағын және орта бизнеске көмек болады.
Ақниет Балтанова
