Алматыда ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалтуға арналған «Қамқорлық» бейімдеу орталығы ашылды. Ол перинатология және балалар кардиохирургиясы емханасында орналасқан. Аумағы 400 шаршы метрден асады. Күніне 50 бала қабылдайды, ал жылына 600 бүлдіршінге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көмек береді. Жаңа мекемеде дамуында түрлі ауытқуы бар балғындарға және шала туған сәбилерге кешенді қолдау көрсетіледі. Қала әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоры бастамашылық еткен бірегей жоба медициналық жәрдемнен бөлек, әлеуметтік және білім беру бағытын да қамтиды. Мұнда балалардың ой-өрісін, қарым-қатынас құру қабілетін жетілдіруге арналған оқыту бағдарламалары жүргізіледі.
Гүлнәр Нұрланова, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры:
Мұнда бірегей терапевтік кеңістіктер қарастырылған. Тұзды бөлмелер, сенсорлық қабылдауды жақсартуға арналған иммерсиялық ванна бар. Балаларды оңалтуға арналған жеке бағдарламаларды көп салалы мамандар тобы әзірлейді. Олардың қатарына невролог, реабилитолог, неонатолог, физиотерапевт, логопед және дефектолог кіреді.
Ернұр Медет
