СҚО-да тасқын қаупі сейіле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да тасқын қаупі сейіле бастады

28.03.2025

Солтүстік Қазақстан облысында елдімекендерді су басу қаупі сейіле бастады. «Қазгидромет» мәліметінше, Сергеев қоймасындағы судың деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Қазір Есіл өзенінің шарықтау шегі Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданына жетті. Тұрғын үйлер қарғын судан аман.

Ақмола облысында қар күрт еріп, өзен суы көтерілуі мүмкін

Ал Ақмола облысында алдағы төрт күнде ауа температурасы 15 градусқа дейін көтеріледі. Қар күрт еріген соң, Есіл, Нұра, Жабай және Колутон өзендері тасуы мүмкін деген синоптиктер дабылды ескерту жариялады. Өзендердегі мұз қабаты да жібси бастаған. Жергілікті жолдарды еріген қар суы шайып, су басуы ықтимал дейді мамандар.

Надежда Гуришкина, «Қазгидромет» РМК Ақмола облыстық филиалының бөлім басшысы:

Бүгінде Сілеті мен Есіл өзендерінің кейбір бөліктерінде және Қылшақты, Шағалалы өзендерінде мұз толық еріді, су тасу қаупі жоқ. Десе де жақын күндері ауа температурасының жоғарылуынан өңірдегі негізгі Есіл, Жабай, Колутон және Нұра өзендеріндегі мұз қабаты қарқынды ериді. Оған дала суы қосылуы салдарынан су деңгейі көтеріліп, шекті деңгейінен асуы мүмкін деген қауіп туындап отыр.

Бибінұр Әмірханқызы

Хабарламаларға жазылу