Жамбыл облысында жер сілкінісінен 12 тұрғын үй мен 17 әлеуметтік нысан зақымдалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жер сілкінісінен 12 тұрғын үй мен 17 әлеуметтік нысан зақымдалған

30.03.2025

28 наурыз таңғы сағат 03:40 шамасында Жамбыл облысында жер сілкінді. Меркі ауданында магнитудасы 5,1 балға жетсе, Құлан ауылында 4 балл болды. Ал Тараз, Шу қалалары, Қордай, Мойынқұм аудандарында жердің дүмпуі екі балды көрсеткен. Салдарынан әлеуметтік мекемелер мен тұрғын үйлердің сылағы құлап, қабырғасына жарық түскен. Басында 100-ден астам тұрғын үй есепке алынғанымен, басым бөлігі тізімнен шығарылды. Нақты 12 тұрғын үй мен 17 әлеуметтік нысан зақымдалған. Бөліп айтатыны - Меркі ауылындағы балабақша жұмысын тоқтатты. Өйткені бөбекжай ғимаратының 40%-ы бүлінген. Ондағы 250 бала сәуір айының ортасына дейін балабақшаға бармайды. Ал аудандық білім бөлімі бүлдіршіндерді басқа бөбекжайларға бөлуді қарастырмақ.

Меркі ауданында әсіресе әлеуметтік нысандарға көп зақым келген. Аудандық орталық аурухананың ғимараты, бірнеше ауылдық амбулатория мен балаларды оңалту орталығының қабырғаларына сызат түскен. Жеке тұрғын үйлердің де қабырғалары жарылған.

Бейсекүл Айымбекова, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны:

Жер сілкінісінен кейін осындай 4 бөлмемнің қабырғасы жарылды. Үкіметтік жұмыс топтары келіп кетті. Бәрін тексеріп, жасап береміз деді.

Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Кеше жер сілкінісі бір рет емес, екі рет болды. Енді депутаттар барлық шараны бақылауда ұстап, халықтың мәселесін тезірек шешуге бар күшімізді саламыз.

Жұмада Мьянмада да жер сілкінді. Опат болғандар 1600 адамнан асты, 3 жарым мыңдай адам зардап шекті. Кейбір дерек бойынша, қаза болғандар 10 мыңнан асады. Бұл елді әскери хунта басқаратыны мәлім, сол әскери хунта шетелдік құтқарушылар кіргізе бастаған. Қытай, Жапония, Үндістан, Малайзия, Сингапур, Ресей көмек беріп жатыр.

Магнитудасы 7,7 болатын қуатты жер сілкінісінен әсіресе Мандалай қаласы қатты зардап шекті.

Жер сілкінісінен кемінде 2900 ғимарат, 30 жол мен 7 көпір қираған.

Дүмпу Таиланд, Вьетнам мен Қытайдада сезілген. Бангкокта салынып жатқан ғимарат опырылып құлап, 9 адам қаза болған. Жүзден астам адам із-түзсіз жоғалды.


Хабарламаларға жазылу