Батыс Қазақстан облысында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалар жүйелі орындалып келеді. Өңірге барған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жұртшылықпен бірге Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелерді талқылап, еңбек ұжымдарымен кездесті.
Өткен жылы өңірде 104 млрд теңгенің 21 инвестициялық жобасы іске қосылды. Солардың бірі – цемент, тұз, тыңайтқыштарға арналған 1 тонналық қапшықтар шығаратын зауыт. Мұнда жылына 5 млн дана бигбэг өндіріледі. Кәсіпорында 110 адам еңбек етеді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзге де жетістіктер Сенат төрағасының мәслихат депутаттарымен, Ассамблея мүшелерімен және қоғам өкілдерімен кездесуінде баяндалды.
Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы:
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөліп отыр. Инвестиция тартуға және жаңа технологиялар енгізуге қатысты нақты міндеттер жүктелді. Сондай-ақ облыстардың дамуына баса мән берілуде. Соның нәтижесінде қазіргі таңда өңірлерде жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс орындары ашылып жатыр. Осы істе Батыс Қазақстан облысының қарқыны көңіл қуантады.
Жайық жастарымен жүздескен Сенат спикері оларға мемлекеттен әркез қолдау барын жеткізді. Стратегиялық бағдарламалар мен мемлекеттік жобалар қолға алынды. Енді жастар да Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін, қажыр-қайратын жұмсағаны жөн.
Мейірбек Тәжқұранов, фотограф-редактор:
Қазіргі қоғамда лудомания бар, әлеуметтік желіде тренд қуып кетіп жатқан жастар бар. Сондайлармен жалпылама күресу мақсатында, олармен бірге жұмыстану бағытында көптеген іс атқару ойда бар. Облыс жастары да бұған қарсы емес.
Ардақ Мұратқызы
