Президент Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды жүзеге асыру жоспарына қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды жүзеге асыру жоспарына қол қойды

01.04.2025

Бүгін Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерген бастамаларды жүзеге асыру туралы жоспарға қол қойды. Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 53 тармақтан тұратын бұл құжатты Президент Әкімшілігі Үкіметпен бірлесіп әзірледі.

Жоспарда: «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасын, ішкі саясат тұжырымдамасын әзірлеу және бекіту, нашақорлыққа қарсы күрестің жоспарын қабылдау, Ұлттық цифрлық архив құру, театр саласын дамыту, шетелде Абай институтын ашу, халықаралық биологиялық әралуандықты қорғау қорын құру қарастырылған.

Ал әлеуметтік-экономикалық жобалардың ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды жалғастыру, ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту орталықтарын ашу, өңірлерді дамыту тұжырымдамасына қатысты тың тәсілдерді енгізу, алдағы төрт жыл ішінде елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жобаны іске қосу жобаларын атап өтуге болады.

Сонымен қатар шекара маңындағы аудандарды дамыту, ғылым қалашықтарын құру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау, үкіметтік емес ұйымдар және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы жеке заңдар қабылданады.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу