Ішкі көші-қон саясатында кемшін тұс әлі көп. Әсіресе оңтүстіктен солтүстік және шығыс аймаққа көшіп баратындар үшін. Ол үшін әр өңірдің еңбек нарығын зерттеп, соған икемі барды бағыттау қажет. Сонда ғана көшіп келген отбасылар тұрақтап, сол аймаққа сіңіп, тіршілігін тіктейді. Десе де, жылы өлкесін тастап, көшті бастап, жаңа мекенге қоныстанғандар да аз емес. Солардың бірі Шығыс шекарадағы Марқакөл ауданына оңтүстіктен келген отбасылардың жағдайын тілшіміз Олжас Керейхан көріп келді.
Шымкенттен шығыстың ең шетіндегі ауылға қыс ортасында көшіп келген Лесбай Танашов бастапқыда қорыққанын жасырмайды. Өйткені кез келген көбалалы отбасы мұндай тәукелге бармайды. Дегенмен Ақбұлақ ауылына келген бойда баспаналы болды. Жұмысқа да орналасты. Қазір біртіндеп тірлігін тіктеп жатыр.
Лесбай Танашов, Ақбұлақ ауылының тұрғыны:
Қораны жөндеп, осы жерде мал ұстап, кәсіппен айналысып, бала-шағаны асырап, осы жерде өніп-өссек деп жатырмыз. Сол үшін келдім. Енді бәрі жақсы болады деген ойдамын.
Бәрі жақсы болуы үшін көшіп келіп жатқан отбасыларды сол ауылдың тұрғындарының жатсынбауы - ең басты мәселе. Екі жыл бұрын Қызылордадан қоныс аударған Мәдина Әзизова Ақбұлақ ауылының халқы құшақ жайып қарсы алғанын айтады.
Мәдина Әзизова, Ақбұлақ ауылының тұрғыны:
Тек қысы қатты. Қары қалың. Мұндай қарды көрген емеспіз. Қызылорда облысында мұндай қар жоқ. Адамдары жақсы. Кетіп бара жатқанда атам айтатын, ол ауылды көргенмін, білемін. Ол жақтың халқы жақсы деп. Мен өзім мектепте істеймін. Жолдасым осы ауылда Қаршығада кен орнында істейді.
Екі жүз орындық мектеп жабылуға шақ қалған. Бірақ былтырдан бері ауылға көшіп келген отбасылардың арқасында бала саны қайта көбейді. Шағын орталық та ашылды.
Сауле Бектемірова, мектеп директоры:
Мектепте соңғы жылдары 12 балаға дейін түсіп қалған уақыт болған. Енді тәуір, 25 оқушыға дейін жеткізіп отырмыз. Шағын жинақталған мектеп болғандықтан, біз сыныптарды қосу заңы бойынша оқытып отырмыз.
Қазір шекарадағы ауылдардың көбінде 40-50 түтін қалған. Жан саны да аз. Сондықтан елдің шеті иен қалмас үшін өңірдегі кейбір кәсіпкер, белсенді азаматтар ауылға келген отбасылардың құжатын реттеп, баспана әперіп, отынын түсіріп, қоныстандырып жатыр. Нәтижесінде тек Ақбұлақ ауылына былтырдан бері 6 отбасы келді.
Бауыржан Жауғашаров, кәсіпкер:
Бағдарламада жақсы төлем төленеді. Үй беріледі. Жұмыс беріледі. Ең бірінші - моралдық тұрғыда жергілікті халық қолдауы керек. Кәсіп ашуға, осы ортаға бейімдеу керек.
Шығысқа 2023 жылы шет елден келген қандастарды қосқанда жалпы 387 отбасы оралса, былтыр 250 түтін көшіп келді. Оларға мемлекеттен 825 миллион теңге берліген. Бұл қаржы баспана алуға және бірреттік көмек ретінде төленді. Көші-қон биыл да жалғасады. Ал елге ел қосылса құт.
Олжас Керейхан
