Алматыда әуежайдағы кепілге алу оқиғасы бойынша сот басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда әуежайдағы кепілге алу оқиғасы бойынша сот басталды

07.04.2025

Алматыда әуежай қызметкерін кепілге алған ер адамға қатысты сот отырысы басталды. Күдікті – 67 жастағы Машрапбек Баратов. Ол 7 наурыз күні өрімдей қызды кепілге алып, әуежайды жарып жіберемін деп қорқытқан. Жолаушылар арасында дүрбелең туғызып, тұтас елді шошытқан күдіктіге қандай айып тағылып отыр? Алматылық әріптесім Жазира Оразқызы баяндайды.

Жазира Оразқызы, тілші:

Алматы әуежайын ғана емес, дүйім елді дүрліктірген бұл атышулы іс бойынша сот қысқартылған тәртіпте өтті. Айыпталушы іс бойынша жиналған деректердің ешбірін жоққа шығармай, прокурордың айыптау актілерімен келісті. Бірақ жауап алу кезінде Машрапбек Баратов ешкімді кепілге алу ойы болмағанын жеткізді. Күдіктіге қатысты Қылмыстық Кодекстің үш бабы бойынша айып тағылып отыр: кепілге алу, қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық және терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау. Бүгінгі сот отырысында жәбірленуші, яғни әуежай қызметкері де түсініктеме берді. Келеңсіз оқиғадан шошынып қалғаны соншалық, жас ана көзіне жас алды.

Ботагөз Мұхтарова, жәбірленуші:

Мен отыра қалып, кішкентай балам бар деп жылап жібердім. Қалай босап шыққаным еміс-еміс есімде. Бар күшімен шашымнан ұстап алған еді, бір кезде басым жеңілдей түскенін сездім, сөйтсем мені жіберген екен. Бірақ қатты қорыққаннан жүре алмадым.

Жазира Оразқызы, тілші:

Еске салайын, 7 наурыз күні Алматы әуежайында қолында суық қаруы бар ер адам қызметкерді кепілге алып, көпшілік алдында пышақ кезенген. Полицияның дерегінше, күдікті бұған дейін де істі болған. 67 жастағы күдіктінің осы жолғы қылмысы дәлелденсе, 5 жылдан 12 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Судья 9 сәуірге дейін сот отырысында үзіліс жариялады.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу