Елімізде әбден тозығы жеткен коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту үшін 11 трлн теңге қажет. Үкімет алдағы 5 жылда бұл мақсатқа 6,8 трлн теңге инвестиция тартуды көздеп отыр. Бұдан бөлек біртіндеп тариф бағамын өсірмек. Бұл қаражат жұмысшылардың жалақысы мен өндірістік шығындарды ішінара өтейді. Толығырақ тілші материалында
Коммуналдық тариф Қазақстанда ғана емес, әлем елдері бойынша қымбаттап жатыр. Оған инфляцияның өсуі, жұмысшылардың жалақысы мен өндірістік шығындардың артуы себеп. Сондай-ақ инженерлік желілердің көбі ескі. Оны жөндеу мен жаңартуға қомақты қаражат қажет. Салық кодексі, экологиялық және еңбек қауіпсіздігі талаптарының өзгеруі де тарифке әсер етпей қоймайды. Сарапшылар бүгінде субсидияға иек артып отырған кәсіпорындар жұмысын жандандырудың жалғыз жолы әзірге осы деп есептейді.
Сапарбай Жобаев, экономист:
Коммуналдық төлемдер бойынша нарыққа өтуіміз керек. Сонда олардың ынтасы, олардың өндіруге деген жаңа модернизация көбірек болады. Ал егер де біз оларды субсидиямен төмендете беретін болсақ, ол жерде жұмыс істейтін адам болмай қалады. Себебі айлық төмен, тариф төмен.
Бюджет кірісі артады
Сонымен қатар кей сарапшылар қосылған құн салығын көтеру экономика үшін аса қажет деген пікірде. Біріншіден, бюджет кірісі артады. Әлеуметтік бағдарламалар мен инфрақұрылымдық жобаларға қаржы көп түседі. Мемлекеттік қарыз азайып, бюджет тапшылығын жабуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ салық мөлшері көбейсе, импорт қымбаттайды деген болжам бар. Бұдан отандық өндіріс дамып, бәсекелестік артады, дейді мамандар.
Ләззат Нұрғалиқызы, экономист:
Елге түсетін салық қой. Елге түсетін салық дегеніміз - көптеген әлеуметтік орындар, оқу орындары, балабақша, аурухана, мүгедектігі бар азаматтарға берілетін қаражат соның есебінен өтеледі. Ал олардың құнының өсуі соған байланысты болады. Мысалы, бұрындары төменгі айлық мөлшері 80 мың болса, 85 мыңға көтерілді. Осының бәрі қаражат, елдің бюджетінен, салық - сол арқылы ғана келеді.
Салықты көтеру – әлем тәжірибесінде бар тетік. Мәселен, Германияда 2007 жылы қосымша құн салығы 16%-дан 19%-ға өсті. Нәтижесінде қазына қаржысы жыл сайын 22 млрд еуроға ұлғайды. Әлеуметтік төлемдер артып, зейнетақы жүйесі тұрақтанды. Жапония да 2014 жылы қосымша құн салығын 5%-дан 8%-ға, одан кейін 10%-ға бірақ көтерді. Бұл сыртқы қарызды азайтуға және денсаулық сақтау саласына көп қаржы бөлуге мүмкіндік берді. Дегенмен қосылған құн салығы өссе, баға нарығына да әсер етпей қоймайды. Сондықтан әлеуметтік әлсіз топтарды қорғау сынды жүйелі шаралар қатар жүруі тиіс дейді сарапшылар.
Айя Мүтәлі
