Мәжіліс жаңа Салық кодексі жобасын бірінші оқылымда мақұлдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс жаңа Салық кодексі жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

09.04.2025

Бүгін Мәжілісте жаңа Салық кодексі жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Қосылған құн салығының шекті мөлшері ұсынылып, әркім өз кірісіне сай салық төлейді деген шешім қабылданды. Сан түрлі саланы қамтитын өте өзекті заң жобасындағы өзгертулерді тілшіміз рет-ретімен тарқатады.

Қосылған құн салығы 16 пайыз болады. Оның шегі 40 млн теңге мөлшерінде белгіленбек. Ұзақ әрі қызу талқыдан кейін Үкімет пен депутаттар ортақ мәмілеге келді. Бірақ құн салығының бюджет үшін құны қымбат болғалы тұр.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

Үкімет пен депутаттардың конструктивті ұстанымының арқасында осындай ымыраға қол жеткіздік. Бірақ мұндай шек болғанда 160 мың салық төлеушіден айырылатынымызды айтқым келеді. Сондай шамамен 400 млрд теңгедей қосымша бюджет түсімінен қағыламыз.

Бірақ қаржы қаншалықты қажет болса да, Үкімет бірқатар салаға жеңілдік беріп отыр. Атап айтсақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология – қосылған құн салығын төлеуден босатылады. Әлеуметтік салада, денсаулық сақтау саласында Үкімет қосылған құн салығынан босатылған дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізімін айқындайтын болады. Қосылған құн салығы тек ақылы медициналық қызметтерге салынады. Оның мөлшерлемесі 10 пайыз болуы мүмкін.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Егер салық қойылатын болса, онда біз қалтамыздан шығарып отырған ем-шаралардың өзі 10 пайызға қымбаттайды. Әрине мұндай болмауы керек. Келесі отырысқа дейін ортақ шешімге келеміз деген үміт бар.

Әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы – келесі жылдан бастап 5 пайыз және 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады. Банк операцияларына қосылған құн салығы салынады. Жалпы, салық, төлем және алымдар қысқартылады. Салық жеңілдіктері оңтайланып, сомасы 1,3 трлн теңгеден астам 128 салық жеңілдігін алып тастау ұсынылып отыр.

Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

16 пайыз құн салығы, бұрын 12 пайыз болды. Көбісі есептеп жатыр, бұл неге көтерілді дейді. Енді көрші елдерді алатын болсақ, Ресейде, Беларусь елдерінде 20 пайыз, Еуропа елдеріне келетін болсақ, Францияда 45. Ең төмен пайыз ҚҚС Люксембургта - 17 пайыз. Бізде қазір 16 пайыз.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін бәрі де қаз-қалпында сақталады. Яғни, 70 пайыз жеңілдік қалады. Ал өңдеу өнеркәсібіне корпоративтік табыс салығының 20 пайыз мөлшерлемесі бойынша салық салынады. Арнаулы салық режимі бойынша рұқсат етілген тізім емес, тыйым салынған тізім енгізіледі.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:

Қазіргі таңда 40-қа жуық түрі бар бизнес бойынша тыйым салынады. Қалғандарына рұқсат етіледі деген қағида. Сонда рұқсат етілетін түрлері көп болады. Қазір бұл категория тізімі талқылануда. Қосымша шешім қабылданады.

Орта және шағын бизнеске арналған салық режимі енді оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі деп аталады. Кіріс лимиті – қазіргідей 600 мың айлық есептік көрсеткіш болып сақталады. Ал корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20 пайыз деңгейінде қалды, бірақ жекелеген секторлар үшін жоғары мөлшерлеме белгіленеді. Жылжымайтын мүлік құны 450 млн теңгеден асатын болса, мүлік салығы өседі. Сондай-ақ құны 75 млн теңгеден асатын жеңіл көліктерге, кеме мен ұшақтарға акциздер енгізу жоспарланып отыр.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Әрине әлі де шұғыл шешімді қажет ететін көптеген мәселе бар. Екінші оқылымға дейін бізде уақыт бар. Әсіресе әлеуметтік саладағы мәселелер бойынша бүгін ашық айтылды. Оларды екінші оқылымға дейін Үкіметпен бірге Жұмыс тобында қарастырамыз. Бір мәселе анық. Түпкілікті шешім оңтайлы әрі теңдестірілген, бизнес үшін де, халық үшін де тиімді болуы тиіс.

Бұл Салық кодексінің бірінші оқылымы. Демек қыркүйек айынан бері жалғасып келе жатқан талқы енді қыза түседі. Жұмыс топтарында жұмыс көп. Басты мақсат – халықтың қалтасына салмақ түсірмеу.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу