Бүгін Ұлттық арнаның көрермендеріне «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» телехикаясы жол тартады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Ұлттық арнаның көрермендеріне «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» телехикаясы жол тартады

25.12.2017

Алматыда көркем туындының алғашқы көрсетілімі өтті. Алты бөлімнен тұратын фильм «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпосының негізінде түсірілген. Дегенмен, драматургияның заңдылықтарына сәйкес, кинолентаның тілі жеңілдетіліп, тұрмыстық тілге бейімделген. Сондықтан, бұл көрермендер үшін үлкен сый болмақ.  Ал, тарихи дастанның бізге жеткен 17 нұсқасының ішінен Жанақ ақынның жыры таңдалған. Әдеби көркемдік тәсілдер қолданылғанымен, оқиға шығарманың негізгі желісінен ауытқымаған.

Қазақ кино өндірісінде бұған дейін тарихи сериалдар тек жауынгерлік тақырыпта түсірілді. Ал, жаңа «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» телеөнімінде халықтың тұрмыс-тіршілігі, сүйіспеншілігі мен махаббаты көрсетіледі. Сол кезеңдегі жастардың ғашықтық сезімін шынайы беру үшін кәсіби актерлермен қатар кастинг арқылы халық арасынан таланттылар таңдалды. Басты рөлдерді Тұрсын Тұралиев, Жақсыбек Құрманбеков, Марат Абай-Ділдә, Махаббат Сарқытбаева, Ержан Мұхатаев, Гүлзада Тұрлаш сомдайды.

Қазақ қызды қырық үйден тыйып өсіргенімен, бойжеткен соң жат жұрттық, деп төрге отырғызған.  Сондықтан, тарихымызда еркін өскен ер мінезді қыздар көп болғандығы аян. Олар да қиын кезеңде атқа қонып қазақтың қайсар ұлдарына сүйеніш болған. Міне, телехикаядағы Баян сұлудың бейнесі осындай бұрымдылардың образын қайта тірілтті. 

Гүлзада Тұрлаш, актриса:  

- Қандай қиындыққа қарамастан Баян қайсарлығын танытып, ержүректілігін көрсетіп, махаббатына соңғы демі қалғанша күрескені мен үшін үлгі болды. Қазіргі қазақ қыздарына Баян сұлудың жаңағы бейнесі үлгі болады деген үміттемін. 

Телехикаяда қазақтың көркем табиғаты, ата-бабалардың шаруашылығы мен тұрмысы, салт-дәстүрі толық қамтылған. Ерлердің батылдығы, қыздардың инабаттылығы басты кейіпкерлердің бейнесі арқылы көркем суреттеледі. Сондықтан, телехикаяны жіберіп алмаңыз. Себебі, бұл кинотуындыда қос ғашықтың пәк сезімі сериалдың өн бойында көрсетіледі.   

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу