12 мың шақырым жол жөнделді. Президент қабылдауында болған көлік министрі Марат Қарабаев, ведомствоның былтыр атқарған жұмысының қорытындысы туралы есеп берді. Оның сөзінше, көліктің барлық түрі бойынша тасымал көлемі 6% өскен, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы өтетін жүк тасымалы 4,5 млн тоннаға жеткен. Авиация саласында да жетістіктер бар. Теміржол секторында жолаушы тасымалы артып, жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Марат Қарабаев, ҚР көлік министрі:
Биылға ауқымды шаралар жоспарларланған. Оған қоса бірнеше ірі жолдардың құрылысын бастаймыз. Авиация саласына тоқтайтын болсақ, ең басты мәселе былтыр 3 әуежай инвесторлар есебінен жаңғыртудан өтті. Ал биыл тағы да 4 әуежайдың құрылысы жоспарланып отыр. Теміржол саласында 125 вокзалды толығымен жөндеуден өткізу, жоспарлау туралы баяндама жасадым.
Ал Президент қазақстандықтардың жол жүруіне қолайлы жағдай жасау, туристік нысандарға қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. Көлік министріне Орталық – Батыс автожолының құрылысын жеделдетуді, Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізін кеңейтуді, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға ерекше назар аударуды, ішкі және халықаралық әуе рейстерінің санын көбейтуді, сондай-ақ көлік секторына инвестиция тарту жұмысын күшейтуді тапсырды.
