Ақтөбеліктер Кеңес одағының батыры Иманғали Білтабановтың 100 жылдығын атап өтті. Еске алу шаралары оның туған жері Қобда ауданында ұйымдастырылды. «Мәңгілік ел» саябағына жиналған ауыл тұрғындары мен қонақтар алдымен ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Майдангердің ұрпақтары мен еңбек ардагерлері жастарға Білтабановтың өмірі мен ерлігі жөнінде айтты. Қазір ауданда батыр атындағы ауылдық округ пен мектеп бар. Оқушылар мен ұстаздар оның ерлігі мен өмір жолын ұмытпай, насихаттап отырады. Бүгін аудандық дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде «Ерлігімен ел есінде» деген атаумен колледждер арасында облыстық турнир де өтті. Ал, мәдениет үйінде «Даңқ жолы» атты көрме ұйымдастырылып, еске алу шарасы концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Қажымұқан Сәкенов, облыстық Әскери ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Қобда ауданы, Қосөткел деген жерде дүниеге келген. Менің өзім де сол ауылданмын. Менің әскери адам болуыма сол кісі де себепкер болды. Себебі, мен бала кезімнен осы ағам секілді батыр болғым келді. Мектепті бітіре сала, әскери училищеге түсіп, академия бітіріп, өмір бойы осы әскер саласындамын.
Жақсыбек Кемал
