Елімізде ата-аналарды қолдау орталықтарында 215 мың дәріс өткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде ата-аналарды қолдау орталықтарында 215 мың дәріс өткен

15.04.2025

Елімізде 7 мыңға жуық мектепте ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары жұмыс істеп тұр. Мақсат – оларды педагогикалық және психологиялық қолдау. Мәселен, былтыр бұл орталықтарда 215 мыңнан аса сабақ өткен. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, ата-аналардың 89%-ы мұндай бағдарламалар бала тәрбиесіне оң әсер еткенін айтқан.

Дәріс тақырыптары мектеп жасына дейінгі балалардан бастап жасөспірімдерді де қамтиды,  дейді ұстаздар. Мәселен, Қонаев қаласындағы мына мектеп-гимназиядағы орталықта түрлі түйткіл шешімін табады. Ата-аналармен жиі кездесу ұйымдастырылады.

Дания Қоспаева, қалалық орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

Тіпті отбасында кейбір келеңсіз жағдайларға жол беріліп жатқан кезде де ата-аналар оқушылар арқылы немесе сынып жетекшісі арқылы хабардар болады. Кей кезде ата-аналар өздері де келіп жатады. Мына баламен ортада түсініспеушілік болып жатыр, әкесімен тіл табыса алмай жатыр дейді. Немесе қызы шешесімен тіл табыса алмай жатыр деген сияқты жағдайлар болып тұрады.

Талдықорғанда мұндай 27 орталық бар. Біртұтас тәрбие бағдарламасының негізінде 114 ата-ана мұғалімдермен бірлесе жұмыс істейді. Жыл басынан бері 50-ден аса сабақ өткізіліп, 350-ге жуық шәкіртке жан-жақты көмек көрсетілген.

Айнұр Рахимбекова, қала тұрғыны:

Ата-ана ретінде педагогикалық орталық өте қажет екенін жақсы түсіндім. Достармен қарым-қатынасын педагогтардан біліп отырамыз. Бұл тек ана ретіндегі менің рөлім емес. Маған баламен дос болуға, серіктес болуға жол бастап тұрған сияқты.

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, жыл басынан бері бұл орталықтарға 1,5 миллионға жуық ата-ана тіркеліп, 108 мың дәріске қатысқан. Бүгінде министрлік бағдарламаны әлі де жетілдіру үстінде. Осы орталық жұмысының сапасын арттыру мақсатында әдістемелік ұсыныстар әзірленіп жатыр.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу