Павлодар облысындағы қарт майдангер 100 жасқа толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысындағы қарт майдангер 100 жасқа толды

16.04.2025

Павлодар облысында тұратын қарт майдангер Қайыр Хасенов жақында 100 жасқа толды. Ол Баянауыл ауданындағы соғысқа қатысқан соңғы солдат. Қазір Павлодар облысында көзі тірі 8 ардагер ғана қалды. Күркіреген күндерден аман қалып, жеңіс туын желбіреткен қаһарман атаның үйінде меншікті тілшіміз Болат Аманбаев болды.

Гвардия подполковнигі бізді орнынан тұрып қарсы алды. Жан алысып, жан беріскен отты жылдардың жаңғырығы қарт жауынгердің жадынан өше қоймапты. Ажалмен бетпе бет келген, азапты шақтарды еске алды.

Қайыр Хасенов, соғыс ардагері:

Артиллерист болдым, 259 номері гаубицаның. Үлкен қару. Біз соғыспаймыз, ешкіммен соғыспаймыз. Соғыс ашқандарды жанын шығарамыз, быт-шытын шығарамыз.

Бұл 18 жасында сызды окопта жатып, қарша бораған қорғасын оқтан қаймықпаған майдангердің естелігі. Қайыр Қасенұлы соғысқа 1943 жылы аттанған. 204-ші Украина дивизиясы құрамында Забайкалье майданына қатысып, соғысты 45 жылы Жапонияда аяқтайды. Бір жылдан соң туған елі Қашыр ауданының Жасқайрат ауылына оралып, мұғалім болады. Ақсақал адал еңбекпен нан тапқанын мақтаныш етеді.

Анар Хасенова, ардагердің келіні:

Қандай іске болсын жауапкершілікпен қарайды. Балаларды өте жақсы көреді. Балаларды білімге тартады. Міндетті түрде жоғары білім алу керек балалары. Жазғы уақытта балалардың бәрін жинап алып келеді. Алматыдағы балалар барлығы осы үйде өсті.

Жүзге толған ақсақалдың мерейтойы мен Жеңістің 80 жылдығын бүкіл Баянауыл жұрты атап өтпек. Жақында Даңқ ескерткіші жөнделді.

Теміржан Солтанұлы, Баянауыл ауданының тұрғыны:

900-ден астам ардагер болды. Ол 45 жылдығы тойланғанда. Одан кейін, міне, 35 жыл өтіп отыр. Қазір ауданда жалғыз Қайыр Хасенұлы ағамыз ғана қалды. Жастарға, бәрімізге үлгі болатын үлкен өмір сүрді. Соңынан ерген балалары бар. Жалпы ауданда ол кісінің беделі биік.

Сұрапыл соғыстың куәгері ел бірлігінен артық ештеңе жоқ, бейбітшілікті сақтаңдар дегенді тағы да еске салды.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу