Президент 7 елшіден сенім грамоталарын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент 7 елшіден сенім грамоталарын қабылдады

17.04.2025

Президент бүгін 7 мемлекеттің елшісін Ақордада қабылдады. Резиденцияда Беларусь, Таиланд, Молдова, Мьянма, Кения, Албания және Италияның дипломаттарына сый-құрмет көрсетілді. Елшілер Мемлекет басшысына сенім грамоталарын табыстады.

Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттарды Қазақстандағы миссияларының басталуымен құттықтап, ынтымақты дамытуға жан-жақты қолдау көрсететінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгін – өте маңызды күн. Қазақстандағы миссияларыныңыздың басталуымен құттықтаймын. Еліміз бейбіт әрі көп векторлы сыртқы саясат ұстанады. Халықаралық қатынастарда диалог пен ықпалдастық қағидаттары басшылыққа алынуға тиіс және БҰҰ Жарғысын қатаң сақтау айрықша маңызды.

Блерта Кадзадеш, Албания республикасының елшісі:

Бүгінгі кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі ынтымақтастықты орынды атап өтті. Визасыз қатынас жүйесінің енгізілуі - өзара сенімді арттырып қана қоймай, ел тұрғындарының еркін қозғалысын қамтамасыз етіп отыр. Енді мәдени-тарихи байланыстарды одан әрі дамытумыз қажет. Мен өз елімді осындай әсем де қонақжай елде таныстыру мәртебесіне ие болғаныма қуаныштымын.

Антонелло де Риу, Италия республикасының елшісі:

Қазақстан мен Италия географиялық тұрғыда алшақ орналасқанымен елдер арасында терең мәдени байланыс бар. Жылдар бойы өзара энергетика, көлік, инновация мен мәдениет сынды маңызды салаларда берік серіктестік қалыптасты. Менің басты мақсатым — осы ынтымақтастықты нығайтып, білім беру, зерттеу, туризм мен кәсіпкерлік салаларында жаңа мүмкіндіктер ашу. Мен Италия мен Қазақстанның бірлескен бастамалары Еуропа мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың жаңа, тиімді үлгісіне айналатынына сенемін.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу