Құрылысшы: Құрылыс материалдарын тексеретін зертхана керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрылысшы: Құрылыс материалдарын тексеретін зертхана керек

17.04.2025

Алматының сейсмикалық картасына өзгеріс енгізу керек. Шаһардың құрылысына жауапты мамандар осылай деп отыр. Олардың сөзінше, қаланың, әсіресе, орталығы мен тау бөктері сейсмикалық қауіпті. Десе де, жоғарыда болған дүмпу шаһардың төменгі жағына көбірек әсері етуі мүмкін. Өйткені, ол жердің топырағы борпылдақ, дейді. Алматының сейсмикалық қауіпсіздігін күшейту үшін не істеу керек? 

Сейсмикалық картада жер астындағы белсенді аймақтар белгіленеді. Яғни, үлкен температура қысымындағы сұйықтықтар, газ, жер асты сулары жақын аудандар көрсетілген. Ондағы топырақ бос келеді. Бұл аймақтарға тек тау бөктері емес, қаланың төменгі жағы да кіреді. Қазір онда өндірістік ғимараттар көп салынып жатыр, дейді мамандар.

Любовь Нысанбаева, Қазақстанның Қала құрылысшылары одағының президенті:

Топырақ жағдайын ескеру керек. Біз ол жерлердің геологиялық жағдайын анықтап, жер қабатының күрделілігін бақылаймыз. Құрылыс бастамас бұрын алдымен топырақ қабатын нығайтып алған жөн.

Cала мамандарының пікірінше, тектоникалық жарықшақтарда салынған құрылыстың сейсмикалық жүктемесі 2 есеге көп. Ал ондай жерлерге салынатын ғимараттарға жеке құрылыс нормасы жасалғаны дұрыс.

Амандық Баталов, Қала құрылысшылары одағының вице-президенті:

Кейбір жерлер Алматыда «линия разлома» дейді. Ол жерге нысан емес, кішкентай бір қабатты үйлер салуға болмайды. Ол жерге бұрын Кеңес уақытында 8 балға жоспарлайтынбыз. Содан кейін - 9 балл. Сол үшін ондай жерлерге жақындауға да болмайды.

Сейсмикалық қауіпсіздікті нығайту мақсатында шаһарда құрылысқа қойылатын талап күшейіп келеді. Бұл мақсатта құрылыс саласында қолданылатын материалдарды тексеретін зертхана болуы керек, дейді құрылыс компаниясының басшысы Ерлік Темірханов.

Ерлік Темірханов, құрылыс компаниясының басшысы:

Бұрынғы мемлекеттерде болып өткен жер дүмпуінің күшіне қарай датчиктер стимуляция жасалады. Және ол жерде құрылыс материалдарының қаншалықты шыдамды екені зерттеліп, соған байланысты шешім шығарылады.

Осыдан жеті жыл бұрын Алматыда 10 мыңнан аса ғимарат тексеріліп, олардың 30%-ы жер сілкінісіне төзімсіз екені анықталған. Қазір мамандар әлемдік үздік тәжірибесін негізге алып, қаладағы ғимараттарды паспорттау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу