Одан соң Президент облыстың әлеуметтік экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді. Аймақтың жалпы өнімі екі жылда 1,3 есеге өсті. Облысқа соңғы екі жылда 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Президент өңірдегі негізгі проблемаларға тоқталып, оларды шешу туралы тапсырмалар берді.
Қазір облыста 800 мыңнан астам адам тұрады. Халық санының өсуі экономикаға, әлеуметтік инфроқұрылымға қосымша салмақ түсіреді. Облыста онсыз да су мәселесі өте өзекті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
МАЭК-тің су тұщыту қуаты жеткіліксіз болып тұрғанын білеміз. Соның кесірінен әсіресе, жаз айларында ауыз су тапшылығы қатты сезіледі. Үш қалаға және орталық құбыр желісі бар 59 елдімекенге ауыз су белгілі бір уақытта ғана беріледі. Су тапшылығы – күніне 23 мың текше метр. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірге осы аймақтағы су тапшылығын азайту үшін нақты шешім қабылдауға тиіс.
Қазір сарапшылар көтеріп жүрген Ақтөбе облысындағы жерасты суларынан Маңғыстау және Атырау өңірлеріне құбыр тарту бастамасын мұқият зерттеуді тапсырды. Президент Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытының құрылысына қатысты мәселені де сынға алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен бұған дейін Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытын 2024 жылға қарай іске қосу туралы тапсырма бердім. Бірақ түрлі рәсімдер созылып, мердігермен келісім-шартқа былтыр ғана қол қойылды. Соның салдарынан зауытты іске қосу мерзімі 2027 жылға қалып қойды. Бұл – Үкіметтің өрескел олқылығы.
Президент кәсіпкерлікті қолдау және жоғары сапалы өнім шығарып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін өңдеу секторына басымдық беру қажет екенін айтты. Маңғыстау облысында мұнай-газ саласынан кейін туризм ерекше маңызға ие. Былтыр шетелден 43 мың, өзге облыстардан 460 мың демалушы келген. Сондықтан бұл салаға да тартылатын инвестицияны барынша арттыруды тапсырды. Мемлекет басшысы экология, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы өзекті мәселелерді де қозғап, Үкімет пен әкімдікке нақты тапсырмалар берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Екіден алты жасқа дейінгі балалардың 93,9 пайызы балабақшаға барады, яғни 46 мың бала. Бірақ орын тапшылығы әлі жойылған жоқ. 3,5 мыңға жуық бала кезекте тұр. Білім сапасына қатысты түйткілдер бар. Былтыр мектептегі білім деңгейін бағалау үшін облыста арнайы тест өткізілді. Оған қатысқан балалардың 37 пайызының білімі төмен екені анықталды.
Сондай-ақ Президент ауқымды инвестициялық жобалармен танысты. Олардың ішінде қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысы, кеме құрастыру верфі, бекіре балығын өсіру шаруашылығы, «Бозжыра» визит орталығын салу секілді елеулі жобалар бар.
Нұржан Ниязалиев, «Pana Asia» ЖШС төрағасы:
Туристерге мысалы, әжетханасы мен қоқыс тастау инфроқұрылымы жоқ. Сондықтан бұл жерге қазіргі таңда зиян келіп жатыр. Егер біз визиттік орталық сияқты үлкен комплекстер соғатын болсақ, ол сол сұрақтарды жабады. Соғып қойып әншейін визит орталығын немесе цифрландырып қоятын болсақ, логистика болмаса ол жаққа адам келмейді. Сондықтан мына 280 киллометр аралықтағы жол бойы сервистер одан кейін, тік ұшаққа аэродром солай логистикасын да жасаймыз.
Құны 36 млрд теңге болатын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 530 тұрақты жұмыс орны ашылған. 5,7 трлн теңгеге 55 әлеуетті инвестициялық жобаның пулы жасақталды.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Жалпы, Маңғыстау облысының әлеуеті зор. Оны тиімді пайдаланбасақ, бәрімізге кешірілмес күнә болады, деген Президент мемлекеттік қызметкерлерге негізгі үш талап қойылатынын айтты. Алғашқысы – адал жұмыс істеу. Екіншісі – озық ойлы болу және соңғысы – жастарға дұрыс білім мен тәрбие беру.
Оңғар Алпысбайұлы
