Шерзат ісі: Жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шерзат ісі: Жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алынды

18.04.2025

Шерзат ауруханаға жетпей, көлік ішінде жан тапсырды. Бүгін сот отырысында марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов осылай деді. Алты сағатқа созылған процесте жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алынды.

Бүгін жауап берген марқұмның әжесі сот алдында сөзін осылай деп түйіндеді. Жұмабике Қадырова оқиға орнына дереу жетіп, бірден Шерзатты іздеген. Араша түскен оны сотталушы Абзал Шынасылдың итеріп құлатқанын айтты. Ал Шерзаттың анасы жанжал туралы жолдасы Қаржаубайдан естігенін жеткізді.

Гүлбара Бишембиева, марқұм Шерзат Полаттың анасы:

Шерзат біреуді ұрып қойды. Нұрғанатты тезірек оят. Шерзатттың әжесі екеуміз бөлмесіне барып, «Нұрғанат ана жаққа баршы, Қаржау қоңырау шалып жатыр, Шерзат біреуді ұрып қойыпты» деп түсіндіреміз.

Осыдан кейін сөз алған Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтан оқиғаның мән-жайы сұрастырылды. Нұрымовтың сөзінше, Шерзат ауруханаға апара жатқан жолда көлік ішінде жан тапсырған. Жағдайды бүге-шүгесіне дейін баяндаған жәбірленуші соттың әділ өтіп, кінәлілердің заң аясында тиісті жазасын алса деген үмітін жеткізді.

Қаржаубай Нұрымов, марқұм Шерзат Полаттың әкесі:

Мен әділетті шешім күтемін. Ешкімге жала жауып, ешкімнің ақ-қарасы, ешқандай ақшасы керек жоқ. Менің отбасымды ешкім мазаламасын. Баламның қанын төккен олар жауап беруі керек.

Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың айтуынша, сол оқиғадан бұрын марқұм інісі Нұрғанат пен сотталушы Нұрқияс Ілиясовтың арасында кикілжің болған. Бірақ өзара тіл табысты дейді. Ал осы істе куәгер деп танылған Эльмира Құрманғалиқызы оқиға кезінде әлдебіреудің мылтықтан оқ атқанын көрген. Бірақ кім екенін нақты дөп басып айта алмады. Кешкі сағат 18:30-да  аяқталған сот барысында 3 жәбірленуші, 2 куәгерден жауап алынды. Келесі сот отырысы да Талдықорғанда өтеді. Процесс сәуірдің 28-29-ы күндеріне белгіленді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу