Қазақстанда декреттік төлем шегі бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда декреттік төлем шегі бекітілді

20.04.2025

Әйел қанша табыс тапса да, бір жолғы декреттік төлем енді 2 249 100 теңгеден аспайды. Жаңа ереже 8 сәуірде күшіне енді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, былтыр бала күтіміне байланысты төлемді заңсыз көп алған 113 келіншекке қатысты 16 қылмыстық іс қозғалған. Әңгіме бірнеше жеке кәсіпкерлік нысанын ашып немесе бірнеше жерде тіркеліп, жұмыс істейтін сияқты жалған құжат толтырып, қай жағдайда да жұмыс істеп отырған адам төлеуі керекті төлеп, бала күтіміне орай төлемді өсіріп алғандар туралы.

Көбірек төлем алу үшін табысын көбейтіп көрсеткендер бар.

Рас, қомақты төлем алудың схемалары жасалған, кәдімгідей бизнеске айналған екен. Әлеуметтік желілерде декретке шыққанша жасалуы керек аударымдарды төлеп беретін «инвестор» іздеуден бастап, бүкіл құжатты «қанттай» қылып беретіндердің хабарландыруы аз емес.

Төлемді заңсыз алғандар ойлаған шығар - бюджет қаржысын миллиондап, миллиардтап жейтіндер бар, неге сол процесті тоқтатпайды,- деп. «Әуелі көбірек қарпитынды ұстасын» деген ой, әркім өзі үшін жауап беретінін және әрбір заңға қайшы іс-қимыл үшін жауапкершілік барын түсінбейтінін көрсетеді. Әділет жолы бұл емес. Жалақының аздығы, тіпті жұмыссыздық, тиісінше декреттік төлемнің мардымсыздығы – өткір мәселелер. Бірақ бұл жалған құжат толтырып, төлемді заңсыз көбейтіп алуға құқық бермейді.

Ал төлемнің шегін белгілеп тастау - шынымен бірнеше жерде жұмыс істейтін, табысы өте жақсы әйелдер бар: қаржы аналитиктері, бухгалтерлер, IT мамандары, соларға әділетсіз. Олар қанша тапса да, 2 млн 249 мың теңге алады. Осы дұрыс па?

Тақырыпты Раушан Сайлауқызы талдайды.


Хабарламаларға жазылу