Елімізде адамдар бірінші кезекте жүрек, қан-тамырлары ауруларынан қайтыс болатынын білеміз. Екінші орында – онкологиялық аурулар. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, оның ішінде асқазан қатерлі ісігінен өлім көбейген.
Күлбелейтін дәнемесі жоқ, жұмыссыздар, медициналық сақтандыру төлемін ай сайын төлей алмай жүргендер, әлеуметтік әлжуаз топқа кіретін басқа да адамдар скринингтен тегін өте алмайды. Ал атышулы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілетін өзгерістер Парламентте талқыланып жатыр. Жағдай жақсара ма? Мәжілістегі әлеуметтік-мәдени даму комитетін басқаратын А.Аймағамбетов телеграмдағы парағында алаңдатып отырған негізгі мәселелер «мыналар» деп жазба қалдырған. Сонда былай дейді:
Кепілдендірілген көмек көлемінің қысқаруы.
...Бұл әсіресе сақтандырылмаған азаматтар үшін маңызды — себебі профилактиканың негізі. Егер адам учаскелік дәрігерге тегін көріне алмаса, жүйенің мағынасы жоғалады.
Сөйтіп депутат алғашқы тексеріс пен базалық диагностика кепілдендірілген көмек аясында қалуы тиіс деген. Олар – жедел жәрдем, скринингтер, онкологиялық, туберкулез, ВИЧ сияқты әлеуметтік маңызы бар аурулар.
Базалық көмек қысқарса, рас қандай мағына қалады? Адам денсаулығы мен өміріне жауапты салада ақыры тәртіп орната алмаймыз ба?- деген аңғал сұрақты қоя алмай тұра алмайсың.
Елдос Есенбол тарқатады.
