Халықтың 910 млн теңгесі үнемделді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықтың 910 млн теңгесі үнемделді

21.04.2025

Былтыр тамыз айында Әділет министрлігі іске қосқан Цифрлық сот орындаушы 650 мың істі қарап, 176 мыңын аяқтаған. Тиісінше, берешегі бар халықтың 910 млн теңгесі үнемделген. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткен үкімет сағатында айтылды. Нақтылап айтсақ, арнайы робот қарызы бар адамдарға хабарлама жіберіп, шоттарын бұғаттайды да, 30 күн уақыт береді. Содан кейін барып, істі жеке сот орындаушыларына жібереді. Ал жеке сот орындаушылары қызметі үшін 25% үстемақы алатыны баршаға мәлім.

Ілияс Есәлиев, ҚР Әділет министрлігі Мәжбүрлеп орындату комитетінің басқарма басшысы:

Бұл адамның қатысуынсыз өзі істі қозғайды. Өзі тиісті хабарламаны жібереді, өзі бұғаттарды қояды. Бұл жерде тек айыппұлдар мен салықтық берешектерді өндіру жөнінде. Істі қозғағаннан бастап хабарлама жолдайды. Сол хабарламаны ашып, азаматтарымыз таныса береді. Әрі қарай төлейтін болса, арнайы сілтеме болады. QR код арқылы төлей береді.

Үкімет сағатында міндетін адал атқармағаны үшін лицензиясынан айырылған жеке сот орындаушылар мемлекеттік қызметке қайта тұра алмайтындай норма қабылдау ұсынылды. Бұл бастаманы Әділет министрі де қолдады. Айта кету керек, бүгінде шағын несиесін өтемеген 2,5 млн азаматтың құжаты осы жек сот орындаушыларының қолында екен.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу