Оңтүстік Қазақстан облысында 300 жас ұлттық қолөнерді тегін үйренеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысында 300 жас ұлттық қолөнерді тегін үйренеді

23.01.2018

Оңтүстік Қазақстан облысында  ұлттық қолөнер бұйымдарын жасауға икемі мен қызығушылығы бар жастар енді бұл кәсіпті тегін үйреніп, меңгере алады. Оны жүзеге асыру үшін өңірде «Оңтүстік қолөнершісі» деп аталатын тың жоба қолға алынды. Осы бастаманың аясында 300 азамат Шымкент қаласындағы орталықта қысқа мерзімді оқу курсынан өтеді. Талапкерлер бұл жерде үш ай оқиды. Мұнда жастар гобелен мен кесте өнерін игеріп, тері мен ермексаздан, сабыннан түрлі бұйымдар мен киімдер, сәнді аксессуарлар жасап үйренеді. Ағаштан түрлі аспаптарды жонады. Жобаға қатысушыларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау да бар. Қолөнер үйренемін деп келген әр азаматқа ай сайын 16 759 теңге шәкіртақы төленеді. Одан бөлек, оларға жол шығыны мен жатын орнына төлейтін ақша да беріледі. Қолөнер орталығына елімізге танымал шебер Болатбек Бейісбеков жетекшілік етеді. Мұнда қазір 23 қызметкер жұмыс істейді. Орталықтағы оқу курсын үздік аяқтаған 20 азамат кейіннен облыс әкімінің қаржылай грантына ие болмақ.

Болатбек Бейісбеков «Алтын орда» қолөнершілер орталығының директоры:

- Шеберлердің сату орны мен оның келген қонақтарын күтетін шеберханасымен бірге бар. Одан соң, шеберлер сол жерде ұзақ уақыт қызмет жасау үшін жататын бөлмелері бар. Бұл біздің ата-баба өнерін жаңғыртуға арналған идея. Бұл сонысымен құнды. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу