Астанада «Таза Қазақстан» экофестивалі аясында көрме өтіп жатыр. Шарада қоқыс өңдеу, өндірістік кәсіпорындар жобалары, табиғат тазалығы бойынша стартаптар, мектеп оқушыларының экологиялық бастамалары, сонымен қатар балалардың қоршаған орта тақырыбына арналған шығармашылық жұмыстары қойылған.
Бұл мұнай қалдықтарынан жасалатын «Фибро-Шламо-Серо-Бетон» атты құрылыс материалы. Мамандардың айтуынша, бұл қоспа цемент пен суды қажет етпейді, ал автожол құрылысына 20 жылға дейін жарамды.
Ходжамұрат Баубеков, технология инноваторы:
Бізде мұнай-газ емес, инновацияға көңіл бөлуіміз керек. Болашақ ұрпақты сол инновациялық жолмен дамытса, Қазақстанның болашағы да экономикасы да мықты болады.
Фестивальде сондай-ақ қостанайлық оқушы Мадияр Хасанов дрон арқылы тұқым себу әдісін таныстырып, фермер шығынын азайтып, өнімділікті арттыратын жоба ұсынды.
Мадияр Хасанов, оқушы:
Әр тұқым арнайы техника арқылы өңделіп, қорапқа жиналады. Дрон арқылы себілгенде, олар жерге ертерек сіңіп, сапалы өнім береді. Сонымен қатар, шаруа қожалықтары жұмысшы күшіне артық шығындалмайды.
Экологиялық шара аясында энергия үнемдеу, табиғи апаттарды болжау, қоршаған ортаны ластаудан қорғау бойынша да жобалар ұсынылды. Олардың көпшілігі халықаралық деңгейде мойындалып, түрлі жарыстарда жүлдеге ие болған.
Динара Жарқынбек
