Арал теңізінің тартылуынан туындаған экологиялық апатты азайту. Теңіз табанын көгалдандырып, ауыл шаруашылығына қолайлы аймаққа айналдыру. Көршілес Өзбекстан осындай шараларды жүйелі жүргізіп келеді. Арал проблемасы екі елге ортақ болғандықтан бұл істен Қазақстан да шет қалмайды.
Теңіздің құрғаған табанының аумағы бүгінде 6 млн гектардан асады. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде, оның үштен бір бөлігі жасыл желекке айналып келеді. Алда әлі де атқарылатын шаруа шаш етектен.
Базаркүл Отыншиева, тілші:
Арал теңізінің тартылуы Қазақстан ғана емес Өзбекстан үшін де үлкен экологиялық проблема болғаны анық. Әсіресе Қарақалпақстан мен іргелес жатқан Хорезм тұрғындарына ерекше әсер етті. Бір қуанарлығы халық қиындықпен жеке қалған жоқ. Осыдан алты жыл бұрын мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, техника жинақталып, еріктілер атсалысып, үлкен жобаны қолға алды. Теңіздің табанын көгалдандыру ісі басталған еді. Бұл игі тірлік әлі күнге жалғасып келеді.
2,5 мыңдай техника мен бірнеше мыңдаған адам қатысқан жоба Мойнақтан бастау алған. Ортақ іске ғалымдар да тартылып, шөлге төзімді өсімдіктерді сұрыптап, отырғызу ісі жүргізіліп келеді. Абаттандырудан бөлек, климаттың өзгеруіне қарсы жобалар жасалып, құрғақшылықпен күрес, жердің сорлануының алдын алу ісіне баса мән берілген. Тың бастамадан қазақстандықтар да шет қалмады.
Бақытжан Хабибуллаев, Арал аймағын дамыту бойынша инновациялық орталықтың директоры:
Қызылорда облысымен бірлесе жұмыс жүргіземіз, өткен жылдары біріккен экспедициялар ұйымдастырылды. Біз ол жаққа бардық, қазақстандық өкілдер бізге келіп тәжірибе алмасып жатырмыз. Питомниктер салу бойынша, әлбетте бұл тек Қазақстан немесе Өзбекстан ғана емес, Орталық Азияға, қала берді дүниежүзілік проблема болады.
Болашақта Арал теңізінің табаны ауылшаруашылығына қолайлы аймаққа айналады. Көгалдандырумен қатар аумақты адамзаттың игілігіне жарату, теңіздің табанына мал азығы болатын өсімдіктер егу, бал шаруашылығын дамыту жоспарда бар. Мұның барлығы кезең кезеңімен жүзеге асып келеді
Зиновий Новицкий, эколог-ғалым:
Біздің мақсат – Мойнақтан бастап, Қазақстанның Қазалы аймағына дейінгі аралықты жасыл мекенге айналдыру. Бұл - екі елдің де экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған жоба. Аралдың құрғаған табанын абаттандыру бойынша ортақ бір жүйе құруымыз керек. Бұл өлкені саяхатшылар түйемен және атпен серуендейтіндей экстремалды туризм орталығына айналдырғымыз келеді.
Қарақалпақстанның астанасы Нөкіс қаласында өткен «Аралға – ізгі ниетпен» тақырыбындағы халықаралық конференцияға теңіздің тартылуынан туындаған экологиялық апат салдарын азайту жайы арқау болды. Сарапшылар Арал өңірін дамытуға қатысты мәселелерді кешенді түрде шешу жолдарын талқылады.
Базаркүл Отыншиева
