Қала әкімдігі ғимаратының алдында оқ тиген әкім орынбасары Руслан Берденовтің жағдайы жақсарып келеді. Дәрігерлер барлық медициналық көмекті көрсетіп жатыр. Сайга-12 қаруынан үш рет атылған оқтан Берденовтің кеудесі, бауыры мен аяғы жараланған. Лауазымды тұлғаға оқ атқан күдікті оқиға орнында бірден құрықталды. Қазір тергеу абақтысында. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Бірақ полиция департаменті бұл оқиға қатысты әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ. Әзірге белгілісі 31 жастағы күдікті әкімдікке қарасты жауапкершілігі шектеулі серіктестікте қызмет еткен. Жуырда ғана жұмыстан шеттетілген. Естеріңізге сала кетсек, Руслан Берденов Парламент Мәжілісінің депутаты болғанға дейін көпшікке кәсіпкер ретінде танылған. Ол 2012 жылдан бастап бірнеше дәріхана желісі топтасқан «Ақ ниет» компаниясының бас директоры, бақылау кеңесі төрағасының орынбасары болды. Депутат ретінде Берденов ойын бизнесі, букмекерлік кеңселердің жұмысына қарсы шығып, лудоманияның алдын алуда өткір пікір білдірді.
Жарқынбек Амантай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Осындай резонансты оқиғаға қатысты «бүйту керек», «сүйту керек» дегеннен аулақпыз. Қару айналымына қатысты заңдар арқылы бақылау күшейіп жатыр. Бұл оқыс жағдай, күтпеген жағдай. Бұл іске қатысты құқық қорғау органдары лайықты бағасын береді.
Ғани Қалмаханов
