Еуропалықтардың 70 пайызы жылына кем дегенде бір кітап оқиды. Швеция, Дания, Бельгия тұрғындары тіпті жазғы демалыста 2,5 томды бір-ақ тауысады екен. Өскелең ұрпақтың кітап оқуға қызығушылығын арттыруды Еуропа елдері балабақшадан бастайды. Мектептерде «оқу сағаты» енгізілген. Яғни, күн сайын оқушылар мен ұстаздар сабақтың ортасында 15 минут тапжылмай, ұнаған кітабын оқиды. Сондай ақ, көшелерде, саябақтарда арнайы жәшіктер орнатылған, ұнаған туындыны тегін алуға болады. Және ескі кітаптарды тиын-тебенге сататын дүкендер көп.
Дидье Корель, Брюссель қаласының тұрғыны:
Мен аптасына 2-3 кітап оқимын. Тарих, қазіргі заманғы өнер, музыка, діни кітаптарды жаным сүйеді. Миым тынығады. Жастар ұялы телефон шұқылап, уақытын босқа өткізбеу үшін ата-ана, үкімет балалардың кітапқа қызығушылығын арттыруы тиіс.
Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнінен бөлек Еуропалықтар ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бұл күні тұрғындарға кітап сатып алуға айтарлықтай жеңілдік жасалады және тың туындыларды талқылау үшін түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Қарт құрлық елдері кітап оқудан әлемдегі көшбасшы.
Нұрсұлу Қасым
