Елде аударма ісі алға жылжыды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде аударма ісі алға жылжыды

22.04.2025

Ертең - Ұлттық кітап күні. Бұл күнді белгілеуді Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұсынған еді. Себебі - кітап оқу мәдениетін қалыптастыру маңызды. Қазақ әдебиетінен бөлек, әлем әдебиетін тану да - көкжиекті кеңейтеді. Бұл тұрғыда баспагерлер әлемдік бестселлерге айналған қандай шығармаларды аударып жүр? Салада түйіні тарқатылмаған қандай түйткіл бар? Ақниет Балтанова зерттеп көрді.

 Ақниет Балтанова, тілші:

Кітапхана - ұлттың жады”. Осылай деген Мемлекет басшысы тәулік бойы жұмыс істейтін замануи кітапханалар салуды тапсырғаны белгілі. Арада ұзақ уақыт өтпей-ақ, дәл осындай жаңа үлгідегі орталық Қосшы қаласында бой көтерді. Біз қазір сол кітапханаға арнайы келдік. Мұнда 20 мыңнан астам кітап қоры бар. Оның 500-ге жуығы қазақ тіліне аударылған әлемдік шығармалар.

Жаңа кітап ордасын Оңтүстік Кореядағы Starfield кітапханасына ұқсатып, тамашалуға келетіндер көп екен. Жаңа ғимаратқа көшкелі, әсіресе оқушылардың қызығушылығы артқан. Бір күнде 150 оқырман сыйдыруға қауқарымыз жетеді, -дейді мамандары.

Гаухар Шәкенова, Қосшы қалалық орталық кітапханасының кітапханашысы:

Біздің кітапханымыздың көп бөлігін қазақ әдебиеті құрайды. Бізге «Фолиант» баспасынан 6 мыңға жуық жаңа кітап қоры келді. Оның ішінде балаларға арналған әлем әдебиеті шығармаларының аудармалары бар. Сол аудармаларды оқушылар келіп, қызығып оқуда.

Әйгілі Хэрри Потер шығармасын қазақша тәржімалаған баспагер Раиса Қадыр қазір Филип Пулманның фантастикалық ертегісін аударып жатыр. Жыл соңына дейін 30 кітапты аударып, жарыққа шығармақ. «Бәрі цифрланған заманда, жастарды, әсіресе балаларды кітапқа баулу – маңызды», -дейді.

Раиса Сайран Қадыр, «Steppe & World Publishing» баспасының директоры:

 Менің баспагер ретінде жеке ойым, балалар әдебиеті цифрландырылмауы керек.  Гаджеттен ажырата алмаймыз, біріншіден. Екіншіден, ол- көзге зиян. Үшіншіден, баланың зейіні қашады, сондықтан зейінді тоқтату үшін кітапты ұстап, кітаптың парағын ұстап көру, оны сезіну, иісін білу, кітаппен дос болу, ерекше әсер берілуі керек қой. Бала тәрбиесі үшін сол да маңызды.

Сала мамандары соңғы жылдары білікті аудармашылардың көбейгенін айтады. Әсіресе ағылшын тілінен сапалы аударатын жастар жетерлік. Бірақ, француз, итальян, қытай шығармаларын тәржімалайтындар саусақпен санарлық. Сондай-ақ, қазақ жазушыларының туындыларын әлемге әйгілейтін тілмаштар да жоқтың қасы.

Теңіз Сейілхан, «Мазмұндама» баспасының басшысы:

Жалпы, бізде Қазақстанда аудармашыларды дайындайтын, корректор, редакторларды дайындайтын академия ашылса деп тілейміз. Кәдімгідей жазушыларды да дайындайтын академиялар болса халықаралық деңгейде жазып, шетелге жіберіп экспорттауға болады.

Аударма ісі – көз майын тауысып, жүрекпен жазатын үлкен еңбек. Калькасыз, мән мен мазмұнын, автордың ішкі күйін жеткізе алатын шығармалар, сөзсіз – құнды. Бір кітапты аудару жарты жылдан - 2 жылға дейін созылады екен. Әрі баспагерлер үшін бұл көбіне табыссыз кәсіп. Сондықтан оқырманның қолдауы, таңдауы ғана салаға серпін береді,-дейді баспагерлер.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу