Көкшетауда 11 тұрғын үйдің құрылысы 5 жылдан бері бітпей тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда 11 тұрғын үйдің құрылысы 5 жылдан бері бітпей тұр

23.04.2025

Ақмола облысында құрылысы тоқтап қалған нысандардың иелеріне қатысты қатаң шара қолданылады. Мәселен, Ақкөлде тұрғын үй құрылысын созбалаңға салған мердігер қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. Облыс әкімі Марат Ахметжанов дәл осындай шара Көкшетаудағы 11 көпқабатты үйдің құрылысын биылғы жылдың соңына дейін аяқтамаған мердігерлерге қатысты қолданылатынын айтты. Облыс орталығында барлығы 56 мың шаршы метрді құрайтын 804 пәтердің құрылысы 2020 жылдан бері аяқталмай келеді.

Ақжол Қылышбаев, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары:

Ұзақ салыну себебі мердігерлердің немқұрайлығы деп айтса болады. Бірінші бекітілген мерзімде жобаларды тапсырмады. Жобалық-сметалық құжаттамалардың барлығы экспертизадан өткен, бірақ соның ішінде шикіліктері бар. Мысалы, 3 подъезді үйдің бір подъезін ұмытып кеткен сметалық құжаттамада. Сондай мәселелер бар. Құрылысын уақытында аяқтауға мердігерлердің жауапсыздығымен қатар құжаттамадағы шикіліктер де қолбайлау болған. Мәселен, кейбір үйлердің инженерлік инфрақұрылымдарының құжаттары жоқ болып шықты. Енді бұл олқылықтырады жойып, тұралаған құрылысты жыл соңына дейін аяқтау үшін бюджеттен қосымша 3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. Мердігерге қойылатын басты талап – баспана құрылысын жыл соңына дейін аяқтау.

Бақыт Әбдімәуленов, мердігер:

Қазір әрлеу жұмыстары бар, сыртқы жұмыстарын бітіріп, биыл аяқтаймыз деген ниет жасап жатырмыз. Осы жылдың 4-тоқсанында біз тапсырамыз. Бұл үйдің құрылысы 2021 жылы басталған. Әр түрлі себептер болды, қаржыландыру жетіспеді.

Бибінұр Әмірханқызы


Хабарламаларға жазылу