Семейде Шәкәрім Құдайбердіұлы қолданған құнды жәдігерлер көрмесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде Шәкәрім Құдайбердіұлы қолданған құнды жәдігерлер көрмесі ашылды

23.01.2018

Семейдегі қара шаңырақ – қазақтың бас ақыны Абайдың музейінде айрықша көрме ашылды. Онда Шәкәрім Құдайбердіұлы қолданған құнды жәдігерлер қойылған. Бұл- ақын, философ, сазгердің 160 жылдығына орайластырылған шаралардың бастауы. Бірегей тұлғаның өмірі мен шығармашылығын қамтыған мұндағы жәдігерлер 10 бөлімді қамтиды. Олардың ішінде Абайдың немере інісі әрі ізбасарының қолшоқпары мен саптыаяғы көпшілік назарына алғаш рет ұсынылып отыр.

Ақынның шоқпары мен саптыаяғы мерейтой қарсаңында былтыр Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінен арнайы әкелінген. Қазір Семейдегі мәдени мекеменің қорында. Жәдігерлерді Құнанбай қажының әкесі Өскенбайдың ағасы Мырзатайдың ұрпақтары сақтап қалған көрінеді. Кезінде бұл заттарды оңтүстіктегі музейге тобықты руынан шыққан Ернұр Мұсабайұлы тапсырған. «Шәкәрімнің қолы тиген жәдігерлер мен тың деректер өткенді саралап, тұлғаның есімін дәріптеуге ықпал етеді», - дейді ғалымдар.

Арап Еспенбетов, филология ғылымдарының докторы:

 - Шәкәрім – қазақ руханиятындағы аса ірі құбылыс. Оның қайтадан оралуы ұлттық руханиятымызда серпіліс туғызған дүние. Ендеше, бүгінгі біздің айтып жатқан рухани жаңғыру контексінде біз Шәкәрімнің шығармаларын ұғыну, тану мәселесіне үнемі назар аударуымыз керек.

Көрмеге ақын туралы кітаптар мен зерттеулер де қойылған. Бүгінге дейін сақталған фотосуреттері мен Мақаш Әлиақпаровтың қылқаламынан туған бірқатар картиналар да осында. Сазгердің әндері мен қолтаңбасының көшірмесі де көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Болат Жүнісбеков, Абай музейінің директоры:

- Кез келген қазақ азаматы Шәкәрімнің өмірімен, шығармашылығымен танысқысы келсе, Абай мұражайы ашқан Шәкәрім сайты арқылы таныса алады.

«Шәкәрім мұрасы - өшпес ғұмыр, таусылмас қазына», - дейді жиналғандар. Оның терең ойлы, көркем сөзді шығармалары - рухани құндылықтарымыздың бір бөлігі. Сондықтан, ұлы тұлғаның мол мұрасын әлі де зерделей түсу қажет.

Отантай Кәрібжанов, республикалық «Абай» қорының президенті:

- Шәкәрім әлі толық зерттелген жоқ. Ол әлі келешектің ісі деп айтар едім. Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтардың  шығармашылық мұраларын күнделікті насихаттауымыз керек.

Жалғыз шығыс емес, күллі қазақтың мақтанышына айналған Шәкәрім қажының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрме жыл соңына дейін жұмыс істейді. «Тағылымы мол экспозиция залы - тұлғаны жаңа қырынан тануға қызығушылық танытқандар үшін үлкен мүмкіндік», - дейді музей өкілдері. 

Дарын САҒИТОВ

Хабарламаларға жазылу