Дүниежүзілік мәдени мұра саналатын Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикметтерінің» бір нұсқасы Көкшетаудағы әдебиет және өнер музейінде сақтаулы.
Түркітануда Яссауи дастанының кез келген көшірмесі ғылыми жаңалық. Яссауи хикметтерінің Көкшетау нұсқасында 59 хикмет бар. Уақыт өте келе біраз хикмет оқуға келмеген, қағаздары тесіліп, әріптері түсіп қалған. Сөйтіп, тек 56 хикмет аударылды. Оның өзі олжа. Себебі қолжазба музейде 1989 жылдан бері көп кітаптың бірі ретінде шаң басып жатқан. Тек 2008 жылы музей директоры Нұрбек Нұралин көне қолжазба Қожа Ахмет Ясауидің еңбегі екенін біліп, ғылыми тұрғыда аударылып, зерттеліп, көпшілікке танылуына күш салған. Музейдің ғылыми қызметкерінің айтуынша, қорда әлі де мазмұны толық ашылмаған парсы, шағатай, араб тілінде жазылған кітаптар бар.
Гүлзайра Сәбитова, әдебиет және өнер музейінің бас ғылыми қызметкері:
Құнды сирек кездесетін кітаптар әдебиет және өнер музейінің қорында көздің қарашығындай сақталған. Ол кітаптардың саны жүзден астам. Зерттелмеген кітаптар бар шығар, ол кітаптардың ішінде. Енді ол кітаптарды зерттеп аудару үшін, әрине бірінші араб тілін білу керек, арабтанушы болу керек.
Бибінұр Әмірханқызы
