Елімізде ең үздік 100 кітап анықталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде ең үздік 100 кітап анықталады

23.04.2025

Елімізде ең үздік 100 кітап анықталады. Яғни төл әдебиетіміздегі 100 танымал кітапты іріктеп алуға арналған жалпыұлттық сауалнама жүргізіледі. Бұл туралы «Ұлттық кітап күніне» орай ұйымдастырылған Халықаралық жәрмеңкеде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин айтты. Жұртшылықты қызықтыру мақсатында жоба серіктестері ынталандыру сыйлықтарын ұсынады. Сауалнама 3 айға созылып, нәтижесі 10 тамыз – «Абай күні» қарсаңында жарияланады. Ал жобаның негізгі ақпараттық демеушісі - «Қазақстан» телерадиокорпорациясы.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:

Бұл бағытта негізі «Қазақстан» корпорациясы біраз шаралар атқарып жатыр, білесіздер, өткен жылдары Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романын, Бердібек Соқпақбаевтың «Он алты жасар чемпион» шығармасын, биыл біз Сайын Мұратбековтың «Жабайы алмасын» телехикаяға айналдырдық. 8-9 мамыр күндері Жеңістің 80 жылдығына орайластырылып арнайы Ұлттық арна эфирінен «Жабайы алма» телехикаясын ұсынамыз. Осы бағытты жалғастыру үшін 100 үздік кітапты таңдау біз үшін өте пайдалы дүние.

Қазақстандықтар eGov.kz порталы арқылы жазушының аты-жөні мен өзі ұнататын шығармасын жазып, дауыс бере алады. Одан бөлек еліміздің барлық қаласында дауыс беруге арналған QR-код бейнеленген баннерлер ілінеді. Сауалнамаға қатысушылардың 10 кітапқа дейін таңдау жасауға мүмкіндігі бар. Іріктелген «100 кітап» - ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыруға және қазақ әдебиетінің рөлін күшейтуге септігін тигізеді.

 Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы:

Біз Абайдан бастап 100 кітап шығаратын болсақ, оның ішінде жастар да болуы мүмкін. Ешкім білмейтін авторлар да болуы мүмкін. Сондықтан бұл өте жақсы бастама және 3 айдың ішінде осының бәрі іріктеліп шықса, 100 авторды таңдап алсақ, онда қазақ біраз жерге жетті деген сөз.

Ақниет Балтанова 

Хабарламаларға жазылу