АҚШ-та туған немесе бірнеше жылдан бері осы елде тұрып жатқан баланың ана тілін сақтауы оңай шаруа емес. Себебі, күні бойы балабақшада не мектепте ағылшын тілінде сөйлейтін балдырған үшін үйде ата анасы қазақша сөйлегені аздық еді. Сондықтан мұндағы қазақтар балаларын осы орталыққа тұрақты әкелеуге тырысады.
Айжан Аяпова, Лос-Анджелес тұрғыны:
Америкаға келгенімізге бізге бес жыл болды. Бес жылдың ішінде балалар қазақ тілін ұмыта бастады. Сондықтан біз осы қазақ орталығына келеміз. Және арасында Қазақстаннан онлайн сабақ аламыз.
Балалар қазақ тілімен қатар домбыра сабағына қатысып, қазақ тілін де бойларына сіңіріп жатыр. Қазірдің өзінде «Жастар биі» күйі, «Тепеңкөк» секілді шығармалармен қатар, балалар үшін күрделі күй Құрманғазының «Балбырауынын» да тарта алады.
Меруерт Жашенова, Лос-Анджелес тұрғыны:
Бір ұнайтыны сол осы жерде өссе де, кішкене сол жүрегінде сол үннің бар екенін сезінеді балам деп ойлаймын.»
Орталық әзірге ғимараттың шағын бөлмесін жалға алып отыр. Қолдау болса, кеңейтіп, бала санын көбейтуге дайын.
Жалғас Сәдібекұлы
